06.10.2026, 10:20

«5 қазаннан қорқамын»: Әсел Асқар төрт жыл бұрын қайтыс болған баласына жазба арнады (ВИДЕО)

коллаж: Sn.kz

Актрисаның айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын оның өмірі «дейін» және «кейін» болып екіге бөлінген.

Танымал актриса Әсел Асқар төрт жыл бұрын қайтыс болған баласына жазба арнады. Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Актрисаның айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын оның өмірі «дейін» және «кейін» болып екіге бөлінген. Ол 5 қазанның өзіне ауыр күн екенін айтып, сол күннің жыл сайын қорқынышпен келетінін жеткізді.

«Төрт жыл бұрын менің өмірім "дейін" және "кейін" болып екіге бөлінді.

Бүгінгі ауа райы да сол кездегідей, дәл сол күндегідей... 5 қазан. Естеліктер жанымды ауыртып, қайта-қайта жарамды қозғайды. Жыл сайын осы қарғыс атқан 5 қазаннан қорқып, оның келуін үреймен күтемін. Бірақ, өкінішке қарай, бұл күннен аттап өте алмайсың, одан тығыла алмайсың.

Бірде маған бір адам: "Бұл – сенің сабағың", – деді. Ол сөзінің қандай мағына беретінін өзі де түсінбеген шығар. Мен оған ренжіген жоқпын. Тек мұндай ауыртпалықты бастан өткермеген адамдардың кейде не айтып тұрғанын түсінбей сөйлеп кететінін ұқтым. Белгілі бір мағынада олар өздерін судьяның орнына қойып алады.

Тағы біреу: "Бұл – сенің сынағың", – деді. Бұл сөздің қаншалықты ауыр екенін өзі де сезбеген шығар. Мұндай сөздерді өздері есінен адасып кетпеу үшін жұбаныш ретінде айтатындар да бар шығар. Немесе эмоциялық сауаттылығы жетіспейтін адамдар шығар.

Қысқасы, барлық ақыл-кеңесті өзімше саралап, үнсіз ғана санамнан шығарып тастадым.

Дегенмен осы күн сайын әлдебір себеппен сол кездегі барлық ақыл-кеңестер мен "неге?", "не үшін?" деп өзімді сұрақтың астына қалдырған сөздер еске түседі.

Тек биыл ғана жауабын тапқандай болдым. Бұл сұрақтардың жауабын ешкім білмейді екен. Бұл – менің ауыр тағдырым ғана. Мұнда "неге?", "не үшін?", "не мақсатпен?" деген сұрақтарға жауап жоқ.

Жай ғана осылай болды. Бұрын да болған, өкінішке қарай, бола береді. Егер мұны тағдыр десек...

Төрт жыл ішінде көп нәрсені бастан өткердім. Көз жасымның арасынан күлуге үйрендім. Өз эмоциямды басқаруды, көз жасымды ішке жұтуды үйрендім. "Қалай дұрыс өмір сүру керек" деген ақылдарды эмоциясыз тыңдайтын болдым.

Көп нәрсе айтылды, көп нәрсе естілді.

Ал мұның бәрі шын мәнінде мағынасыз шу ғана екен.

"Сабақ", "сынақ" деп аталатын мұндай нәрсенің артында не тұрғанын ешкім білмейді. Құдай сақтасын, ешкімге мұндай "сабақ" бұйырмасын. Өйткені одан кейін жеңілдік болмайды. Сеніңіздер, жеңілдік жоқ және болмайды да. Жылдар өткен сайын, уақыт өте келе ауырсыну өзгермейді. Керісінше, сол күйінде қалып, одан сайын тереңдей түседі.

Бірақ өмір жалғасады. Отырып алып жылаудың мәні жоқ. Көз жасымен ешкімді о дүниеден қайтара алмайсың.

Бүгін жанымда жақындарым бар. Барлығы аман-есен, дендері сау. Осы үшін Құдайға шүкіршілік етемін.

Мен біртіндеп рухани әрі физикалық тұрғыдан қайта қалпыма келіп жатырмын.

Мұны өздеріңіз де көріп жүрсіздер. Бірақ бұл өте ұзақ жол болып шықты.

Өзімді толығымен басқа нәрсеге арнап жіберген жоқпын, қандай да бір сиқырлы ем іздеп адасып кетпедім.

Бәрі тұрақты. Сол үшін де шүкір.

Әрине, сағынамын. Бұрынғыдай жақсы көремін.

Бірақ сен қайдасың, көкжиектің ар жағында...

Сен бір жерде, алтын шынжырлардан да биіктесің.

Сен бір жерде, бәрі жеңіл әрі жылы жерде...

Моншағым менің», – деді Әсел Асқар.

Актриса баласынан айырылғаннан кейінгі төрт жыл ішінде көп нәрсені бастан өткергенін айтып, уақыттың өтуі қайғыны толық жеңілдетпейтінін атап өтті.

Әсел Асқардың жазбасы көпшіліктің көңілін толқытты. Желі қолданушылары актрисаға көңіл айтып, қайғысына ортақтасып, оған сабыр мен күш тіледі.