"Арман аға тірі болса, бұл кеш бұл жерде өтпейтін еді".
Танымал айтыскер ақын, экс-депутат Ринат Зайытов марқұм композитор Арман Дүйсенов туралы естелігін бөлісіп, көпшілікті толқытты. Ақын өнер иесіне арнап өлең оқып, оның шығармашылық қабілеті мен адамдық болмысы туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Орал қаласында өткен Арман Дүйсеновті еске алу кешінде Ринат Зайытов композитордың көзі тірі болғанда, мұндай шараның әлдеқайда ауқымды деңгейде ұйымдастырылуы мүмкін екенін жеткізді.
«Арман аға тірі болса, бұл кеш бұл жерде өтпейтін еді. Сіздерге бұл жерде орын болмайтын еді. Ол Астанада, стадионда, байлары бар, Бағланы бар, әншісі бар, продюсері бар – бәрі жиналған кеш болатын еді. Ортасында Арман аға отырады. Бірақ ол Арман ағамыз бар болса», – деді ақын.
Ринат Зайытовтың айтуынша, бүгінде композитордың туған жері Ақжайықтың жұрты оны ерекше құрметпен еске алып, рухына тағзым етіп отыр.
Сондай-ақ ақын Арман Дүйсеновпен алғаш танысқан кезін еске алып, оның музыкаға деген таланты мен әнге лайық сөз таңдаудағы шеберлігіне тоқталды.
«2005 жылы онымен танысқанда менде бір-ақ нәрсе болды. “Мен мынаған ілесе алмаймын-ау” деп ойладым. Өте жылдам болатын. “Мына әнге сөз тез керек” дейді болды. Сосын сөзді қорламайды, буыныңды кеспейді, шолтаңдатпайды. Сөзді ғана жазып берсең де, соның ешбір жерін бұзбай, керемет әнге айналдырып беретін қабілетті композитор еді», – деп еске алды Ринат Зайытов.
Ақын естелік кешінде марқұмға арнаған өлеңін де оқыды.