Қарақат Әбілдина қадірлі қонақтарды төрінде күтіп, ерекше қуанышқа бөленгенін жеткізді.
Танымал әнші Қарақат Әбілдина мен жұбайы Қыдырәлі Болманов белгілі актриса Меруерт Өтекешованы шаңырақтарына қонаққа шақырды. Бұл туралы әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қарақат Әбілдина қадірлі қонақтарды төрінде күтіп, ерекше қуанышқа бөленгенін жеткізді.
«Қонақпен бірге құт кіретін қазақпыз ғой! Шаңырағымызға қадірлі қонақтар келіп, берекеміз молайып қалғандай күйдеміз!
Бір дәуірдің сұлулық символына, тұтас ұлттың жүрегіндегі Қыз Жібек бейнесіне айналған аяулы Меруерт Өтекешова апамызды осыған дейін ақ дастарханымызға талай мәрте шақырған едік. Көңіл қалағанмен, әр кездесудің Алла нәсіп еткен өз сәті болады екен. Өнерімен ұлт жадында, өнегесімен ел жүрегінде қалған асыл апамызды төрімізден көру – біз үшін үлкен қуаныш!
Сыр елінен келген, Қызылорданың құрметті азаматы, белгілі құрылысшы Қыдекемнің Мәжит ағасының жеңгемізбен келуі ерекше қуанышқа бөледі.
Осы бір жарасымды жүздесудің тағы бір ерекшелігі – елінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, халықтың құрметіне бөленген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Бердібек Сапарбаев пен Мақсұт Нәрікбаевтың асыл жарларының да бір дастархан басында бас қосуы болды.
Елдің жүгін арқалаған абыройлы азаматтарға жар болу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Өмірдің ыстығы мен суығын бірге өткеріп, азаматтарына сүйеу, шаңырағына тіреу болған аналарымыздың әрқайсысының ғұмыры – өнеге, айтар әңгімесі – тұнып тұрған тағылым.
Мен үшін үлкендермен сырласудың, өмірден түйгенін тыңдап, ақылын алудың орны бөлек. Осындай асыл жандардың ортасында отырып, өнегелі әңгімесіне қанығудың өзі – бір ғанибет!
Төрімізден үлкендеріміз, ортамыздан жақсыларымыз, дастарханымыздан ырыс-береке үзілмесін!» – деп жазды әнші.
Кездесу барысында Меруерт Өтекешова да дастархан басында ізгі тілегін айтып, қонақжайлық танытқан отбасыға алғысын білдірді.
Желі қолданушылары өнер иелерінің бұл әрекетін жоғары бағалап, үлкенді сыйлау мен құрмет көрсетудің үлгісі екенін атап өтті.