14.10.2023, 06:30

«Шал-кемпірдің баласы болдым»: Еркебұлан Дайыров анасына алғаш рет «мама» деп, көпті жылатты (ВИДЕО)

Фото: видео скриншот

Актер Еркебұлан Дайыровтың анасына телефон соғып, «мама» деп айтқан сәті әлеуметтік желіде көпшіліктің көңілін толқытты. Көпшілік видеоны көріп, көздеріне жас алғандарын айтып, анаға деген сағыныш пен мейірімнің қадірін еске алды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейінгі сұхбаттарында актер туған анасына «тәте» деп сөйлейтінін айтқан. Оның сөзінше, бұған ата-әжесінің қолында өскені себеп болған.

Эфир барысында жүргізуші Аман Тасыған актерге анасының бір арманы бар екенін айтып, оған қоңырау шалуды ұсынған. Жүргізушінің сөзінше, анасы көзі тірісінде ұлының өзіне «мама» дегенін естуді армандаған.

Еркебұлан Дайыров сол сәтте телефонын алып, анасына хабарласып, алғаш рет «мама» деп тіл қатқан. Ұлының бұл сөзін естіген анасы қатты қуанып, одан тағы бір рет қайталауын сұраған.

Бұл сәт желі қолданушыларын да бейжай қалдырмады. Көпшілік ананың қуанышына ортақтасып, жылы лебіздерін білдіріп жатыр.

Желіде пікір білдіргендердің бірі мұндай жағдайдың Албан руы арасында да кездесетінін жазған. Оның айтуынша, кей отбасыларда тұңғыш балалар ата-әжесінің тәрбиесіне беріліп, өз ата-анасын «аға», «тәте» деп атап өседі. Пікір авторы мұндай жағдайды өзі де бастан өткергенін айтып, видеоны көргенде көзіне жас келгенін жеткізген.

Ана үшін баласының аузынан шыққан бір ауыз жылы сөздің өзі үлкен бақыт. Еркебұлан Дайыровтың осы бір сәті де жақындарымызға деген сезімімізді дер кезінде білдірудің қаншалықты маңызды екенін еске салды.