$ 450.62 € 504.2 ₽ 5.36

«Бұлай болады деген үш ұйықтасам да түсіме кірмеді»: Марқұм актер Мұрат Бисембиннің қызы желіде жан сырын ақтарды

Фото: Instagram/ jemappelledali
Фото: Instagram/ jemappelledali

Танымал актер, көпке "Рэкетир" фильмімен танылған, марқұм Мұрат Бисембиннің қызы желіде жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

«Маған «Әкеңізден айырылғаннан кейін қалай өмір сүруді жалғастырдыңыз? Қалай қайтадан өмірге қуанып, бақытты сәттерді сезіне алдыңыз?» деген сұрақтарды жиі қояды. Мен не деп жауап берерімді білмедім. Өйткені өмірді жалғастырудың өзі маған өте қиын болды.

Бұл туралы әлеуметтік желіде айтқым келмеді. Не үшін? Оның үстіне, ең жақын адамдарыңның бірінен айырылғанда қандай сезімде болатыныңды сөзбен қалай жеткізесің? Сондықтан мен көбіне өмірімнің жақсы сәттерін ғана бөлісуге тырыстым.

Қандай жағдай болса да, өмірді жалғастыру керек. Иә, бұл оңай емес. Өмірімде осындай жағдай болады деп ешқашан ойламаппын. Салауатты өмір салтын ұстануға соншалықты мән беретін, сауатты да ақылды адамның өмірден осылай ерте, осыншалықты тез өтетіні үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді.

Әкем көз алдымызда біртіндеп сөніп бара жатты. Мұны мен тек қазір ғана түсініп отырмын. Өйткені сол кезде бәріміз жақсы нәтижеге сендік. Оның жазылып кететініне үміттеніп, сол күнді армандап өмір сүрдік. Әлі күнге дейін әкемнің видеоларын көре алмаймын. Тіпті ол өмірден өткеннен кейін өз парақшама жариялаған видеоларды да қарай алмаймын.

Оның дауысын тыңдауға да, суреттеріне қарауға да, өз қолымен салған картиналарын көруге де әлі дәтім бармайды. Бұған әзірге батылым жетпейді. Бүгін әкем 54 жасқа толар еді.

Жаны тыныштық тапты, ал тәні азап пен ауырсынудан арылды деп үміттенемін. Мен әкемнің қызымыздың дүниеге келгенін көргенін қатты қаладым. Оның өмір сүріп, күресуіне тағы бір себеп болса екен дедім. Сауығып кетуге күші мен ынтасы арта түссе екен деп армандадым.

Бірақ өмір басқаша шешті… Өздеріңізді және жақындарыңызды аялап жүріңіздер. Дендеріңіз сау болсын!», — деп жазды ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Ашулы 0