"Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды".
Актриса Дариға Бадықова Олжас Абаймен қарым-қатынасының қалай басталғанын айтып, жеке өміріне қатысты қызықты жайттармен бөлісті. Өнер иесінің сөзінше, екеуінің мінезі ұқсас болғандықтан, қарым-қатынастың алғашқы кезеңі оңай болмаған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Дариғаның айтуынша, олар алғаш танысқанда бір-біріне бірден ғашық болмаған. Алғашында бірге жұмыс істеп, түсірілім алаңында жиі кездескен. Алайда екеуінің де өз ұстанымы мен көзқарасы болғандықтан, жиі келіспей қалатын.
Актриса екі мінездің бір-біріне оңайлықпен жол бере қоймағанын жасырмады. Уақыт өте келе ғана эмоцияға ерік бермей, мәселені ақылмен шешуді үйренген.
«Басында бәрі әдемі болмайды. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Екі талантты, екі мінезді, өз әлемі қалыптасқан, өз талғамы бар, екеуі де “сен тұр, мен айтайын” деп тұрған адамдарға қиын болды. Жалпы біз кездескен күннен бастап бірден ғашық болған жоқпыз. Тек жұмыс, түсірілім деп жүрдік. Күнде ұрысып қалатынбыз. Ол да қайтпайды, мен де қайтпаймын. Жылдар өте, уақыт өте келе эмоцияны ақылға сала бастадық», – деп жазды Дариға Бадықова.
Өнер иесі екеуінің ренжісіп қалған кезде бір-бірін әлеуметтік желіде бұғаттаған сәттері де болғанын айтты. Ал Олжас Абай татуласу үшін сүйіктісіне гүл, сақина мен сырға сыйлап, алғашқы қадам жасауға тырысқан.
«Екеуміз сәл ренжіссек, Олжас сақина, сырға, түрлі гүл сыйлайтын. “Енді ұрыспайық” дейтін. Ер адамға тән қадамдар жасайды. Оқырмандарым “тіпті бір-біріңізден отписка жасаған кездеріңіз болды ғой” деп жазып жатыр. Иә, бала сияқты бір-бірімізді блокқа жіберетінбіз. Бізге махаббат оңай келген жоқ», – деді актриса.
Дариға Бадықова отбасын құру туралы шешімге де бірден келмегендерін жеткізді. Бір кезеңде екеуі жауапкершіліктен қорқып, қарым-қатынасты тоқтатуға тырысқан. Бірақ бір-бірінен алыстаған сайын, сезімдерінің әлі де күшті екенін түсінген.
Актриса Олжас Абайды ұмыту үшін Балиден Дубайға ұшып барғанын да еске алды. Алайда сүйіктісінен келген хабарлама оның ойын өзгерткен.
«Таңертең хабарлама келіпті. “Дариға, қалайсың? Қашан қайтасың?” деп жазыпты. Жауап бермедім. Екі сағаттан кейін “Сені әбден сағындым” деп жазды. Маған да керегі сол еді. Билет алып, ұшып келдім. Келген күні осы сырғаны алып, “Үйленейік” деді. Міне, өткен тарих», – деп бөлісті Дариға.
Осылайша, бір-бірін ұмытуға тырысқан қос өнер иесі қайта табысып, бірге болуға шешім қабылдаған. Кейін жұп отбасын құрып, той жасаған.