$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41

«Неге бұдан да көбірек қасында болмадым»: Сәкен Майғазиев марқұм анасын еске алды

Өнер иесі анасының разылығын алғанын өзіне жұбаныш санайтынын айтты.

Фото: @saken_maigaziyev
Фото: @saken_maigaziyev

Әнші Сәкен Майғазиев өмірден өткен анасына арнап жазба жариялап, қайғысына ортақтасқан көпшілікке алғыс білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі Instagram парақшасында анасының өнегелі ғұмырын еске алды. Оның айтуынша, анасы он құрсақ көтеріп, үлкен әулеттің ұрпақтарын бауырына басқан, бейнетінің зейнетін көрген жан болған.

Әнші қолы қалт еткенде ауылға барып, анасының көңілін табуға тырысқанымен, бүгінде жанында көбірек болмағанына өкінетінін жеткізді.

«Бір күн уақытым болса ауылға барып анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, “Неге бұдан да көбірек қасында болмадым” деген өкініш өзегіңді өртейді екен. Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, халін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар», – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Өнер иесі анасының разылығын алғанын өзіне жұбаныш санайтынын айтты.

«Аллаға шүкір, анамның “Балам, саған разымын” деген сөзін бірнеше рет естіген бақытты перзенттердің бірімін. Соның өзі жүрегіме жұбаныш, жаныма медеу», – деді әнші.

Сондай-ақ ол қайғысын бөлісіп, көңіл айтып жатқан қазақстандықтар мен шетелдегі бауырлас халықтарға ризашылығын білдірді.

«Күллі қазақтың анасына айналған ақ мамам, жаныңыз жәннаттың төрінде шалқысын», – деп түйіндеді жазбасын өнер иесі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0