22.10.2026, 05:30

«Тырнақ астынан кір іздеме!»: Гүлзира Айдарбекова танымал кәсіпкерге ашуланды (ВИДЕО)

Коллаж: Sn.kz

"Біздің дүкеннің тазалығындай дүкен ашып, жасап көр алдымен".

Кәсіпкер әрі бизнес жүргізу туралы кітаптың авторы Назгүл Сәтбаева шоу-бизнес өкілдерінің кәсіпкерлік қызметіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Оның айтуынша, танымал өнер адамдары ашқан дүкендер мен сұлулық салондарында қызмет көрсету сапасы көңіл көншітпейді.

«Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекованың дүкенінде болдым. Жазира Байырбекованың салонын көрдім. Аша Матайдың да кәсібі бар. Айта берсең, мұндай орындар өте көп. Кітабымда да кейбір салондар туралы жаздым. Қазақстандық шоу-бизнес өкілдерінің 99 пайызының мекемесіне қайта барғым келмейді. Сервис жоқтың қасы. Сулы майлықтар шашылып жатады. Олар өздерінің аты мен аудиториясына сенеді. Ал кәсіби мамандарды жұмысқа алуға мән бермейді», – деді кәсіпкер.

Назгүл Сәтбаева өз пікіріне ешкім ренжімеуі керектігін айтып, кез келген бизнестің артында білікті директор, әкімші немесе басқарушы тұруы қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, кәсіптің сапасы ұсынылатын қызмет пен өнімге ғана емес, оны басқаратын адамның кәсібилігіне де байланысты.

Кәсіпкердің сынына Гүлзира Айдарбекова да жауап берді. Ол Назгүл Сәтбаеваның пікірін сынға алып, өзгенің кәсібінен мін іздеп, танымал адамдарды сынау арқылы аудитория жинауға тырыспауға шақырды.

«Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, ақылшы болып елді таңғалдырып, атағы бар адамдардың артынан сөйлеп, хайп жинап, подписчик көбейтпей-ақ қойшы. Біздің дүкеннің тазалығындай дүкен ашып, жасап көр алдымен. Осы мін іздеп, тырнақ астынан кір тауып отыратындардан қалдық қой», – деді ол.

Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова Назгүл Сәтбаеваға өзгелерді сынағанша, өз анасының іскерлігімен немесе өзінің жетістіктерімен мақтануға кеңес берді.