Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында мұхит жағасында ақ көйлекпен түскен видеосын жариялап, жаңа жасқа қадам басқандағы әсерімен бөлісті.
Әнші әрі актриса Ақбота-Нұр Сейтмағамбет 30 жасқа толған туған күнін Мальдив аралдарында атап өтті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында мұхит жағасында ақ көйлекпен түскен видеосын жариялап, жаңа жасқа қадам басқандағы әсерімен бөлісті.
«Жастықтың екпініне жүректің даналығы қосылатын шақ», — деп жазды әнші.
Желі қолданушылары оған жылы лебіздерін білдіріп, сұлулығына сүйсінген. Пікір қалдырғандар арасында «Ең сұлу», «Сұлу қыз» деп жазғандар бар.
Сонымен қатар әнші өмірге деген көзқарасы мен жүрек қалауына қатысты ойларын бөлісті.
Өнер иесі Instagram парақшасында жаңа жасына бұрынғыдан сабырлы көңілмен, айқын арманмен келгенін жазды. Енді ол асықпай өмір сүріп, өз болмысына адал болғысы келетінін жеткізді.
«Енді асықпай өмір сүргім келеді. Әдемі көрінуді ғана емес, әдемі сезінуді. Бәріне ұнауды емес, өз болмысыма адалдықты, көпке танылуды ғана емес, бір адамның жүрегіне шын жылу сыйлай алуды. Армандарыма жетуді ғана емес, сол жолда өзімді жоғалтпауды», — деп жазды әнші.
Ақбота-Нұр жиырма жасында өмірден көп нәрсе күткенін, армандап, асыққанын да жасырмады.
«Бір есіктің ашылғанына қуандым, бір есіктің жабылғанына мұңайдым. Кейде өзіммен оңаша қалғанда ғана түсінетін сезімдерім болды. Кейбір жауаптарды уақыттан іздедім, ал кейбірін өз жүрегімнің үнін тыңдай білгенімде ғана таптым!» — деді ол.
Әншінің пайымынша, әйелдің әдемілігі жасымен өлшенбейді. Ол жүректегі нәзіктікті жоғалтпай, ақылмен биіктей білуді бағалайтынын атап өтті.
Сондай-ақ өнер иесі ұлы мен қызының қызығын көріп, жақындарының ортасында мағыналы ғұмыр кешуді тіледі.
«Алла маған ұзақ әрі мағыналы ғұмыр берсін! Алтын асықтай ұлым мен гүл етіп сыйлаған қызымның бар бақытын көруді жазсын!» — деп түйіндеді Ақбота-Нұр.