"Бұл – ойланатын мәселе"
Әнші Бақыт Тұрман ер азаматтар мен қыз-келіншектерге үндеу жасап, бала тәрбиесі мен отбасылық жауапкершілік туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында некесіз немесе әкесіз өсіп жатқан балалар мәселесін көтеріп, ер азаматтарды өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Өздеріңізді ар-намысы бар, ұяты мен күш-жігері жеткілікті ер азамат деп санасаңыздар, ата-бабаларыңыздың жолын жалғастырушы, отбасының тірегі ретінде әрбір балаға жауапты екендеріңізді ұмытпаңыздар. Қазір әкесіз өсіп жатқан балалар көп. Бұл – ойланатын мәселе», – деді әнші.
Сонымен қатар Бақыт Тұрман қыз-келіншектерге де бала сүю мәселесіне жеңіл қарамауға кеңес берді. Оның сөзінше, болашақ ана баланың әкесі кім екенін және оның ұрпағын жалғастыруға дайын ба екенін алдын ала ойластыруы керек.
«Қыздарға айтарым, бұл мәселеге одан да мұқият қарау керек. Бір апамыз мұны “салақтықтан туып жатқан бала” деп атаған еді. Кімнен бала сүйіп жатқаныңызды, кімнің ұрпағын жалғастыратыныңызды ойланыңыздар. Сіз дүниеге әкелетін баланы тәрбиелеуге жағдайыңыз жете ме? Бала үшін және өз болашағыңыз үшін шешім қабылдамас бұрын осының бәрін таразылаңыздар», – деп түйіндеді әнші.