12.11.2026, 03:30

«Қыдырәлі ренжімесін»: Ерлан Көкеев «АБК» тобына қатысты шындықты жайып салды (ВИДЕО)

коллаж: Sn.kz

Оның айтуынша, топтың құрылуына қатысты Қыдырәлі Болманов айтатын нұсқа мен шын мәнінде болған оқиға арасында айырмашылық бар. 

Қазақ эстрадасында өзіндік орны бар «АБК» тобының қалай құрылғаны туралы осы уақытқа дейін түрлі әңгіме айтылып келеді. Алайда әнші Ерлан Көкеев топтың дүниеге келу тарихын баяндап, көпшілікке беймәлім жайттарды ашып берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Әншінің айтуынша, топ құру идеясы Қыдырәлі Болмановтан шықпаған. Барлығы «Қайдасың» әнін жазу кезінде кездейсоқ басталған.

«Қыдырәлі ренжімесін, ол «бұл менің идеям» дейді. Бірақ шын мәнінде мүлдем басқаша болған», – дейді Ерлан Көкеев.

Оның сөзінше, сол кезде студияда аранжировка жасап жүрген ол әннің вокалын үш дауысқа бөліп жазуды ұйғарған. Алдымен студияға келген Қыдырәлі Болмановты, кейін Медеу Арынбаевты әнге қосқан. Осылайша, үш өнерпаздың дауысы бір әнде тоғысып, топтың құрылуына алғашқы қадам жасалған.

Топтың атауы да кездейсоқ қойылған. Алматы қаласының күніне арналған концертте жүргізуші Александр Сергеевич үш әншіні сахнаға шақырып, есімдерінің алғашқы әріптерінен «АБК» атауын құрастырған. Яғни Арынбаев, Болманов, Көкеев есімдерінің бас әріптері осылайша топтың атауына айналған.

Кейін Қыдырәлі Болманов ұжымның продюсерлік жұмысын қолға алып, демеушілер іздеп, қаржылық мәселелермен айналысқан. Ал Медеу Арынбаевқа Мәскеуден шетелдік демеушілердің ұсыныстары түскеніне қарамастан, үш өнерпаз бірге қалуға шешім қабылдаған.

Олар тіпті достықтарының белгісі ретінде қан арқылы бауырласу рәсімін жасаған.

Айта кетейік, 2026 жылы «АБК» тобының құрылғанына 30 жыл толды.