12.11.2026, 15:00

«Әжемсіз мектепті бітіре алмас едім»: Айсәуле Бақытбек балалық шағын еске алды (ВИДЕО)

Фото: Инстаграм aissaulebakytbek

Айсәуленің сөзінше, оған орыс тілінде сөйлейтін отбасылардан шыққан балаларды қазақ сыныбына берген дұрыс па деген сұрақты жиі қояды. 

Баян Алагөзованың үлкен қызы Айсәуле Бақытбек режиссер Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында қазақ мектебінде оқыған жылдарын еске алды. Ол орыс тілді отбасынан шыққанына қарамастан, қазақ сыныбында білім алғанын айтып, бастапқыда тіл үйренуде қиындықтарға тап болғанын жеткізді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Айсәуленің сөзінше, оған орыс тілінде сөйлейтін отбасылардан шыққан балаларды қазақ сыныбына берген дұрыс па деген сұрақты жиі қояды.

«Меніңше, отбасында орысша сөйлейтін адамдар баласын қазақ сыныбына берген дұрыс па, жоқ па деп жиі ойланады. Себебі маған бұл сұрақты көп қояды. Менің анам орыс тілді, бірақ қазір қазақша сөйлеуге тырысады. Оның үстіне, қазақшасы жаман емес. Өзім де қазақ сыныбына барған кезде орыс тілді едім. Сыныптастарымның арасында қазақша ең нашар сөйлейтін оқушы болдым. Тіпті бірінші сыныптағы алғашқы қоңырау кезінде бір сыныптасым: «Өз тіліңді білмесең, сенен дұрыс адам шықпайды», – деген еді», – деді ол.

Соған қарамастан, Айсәуле қазақ мектебінде оқығанына өкінбейтінін айтты. Оның пікірінше, ата-аналар балаларын қазақ сыныбына бергені дұрыс.

«Меніңше, бәрібір баланы қазақ сыныбына берген жөн. Маған қиын болды, бірақ соған тұрарлық», – деді ол.

Сондай-ақ ол мектепте алғашында ағылшын тілін де түсінбей қиналғанын еске алды. Себебі сабақ қазақ тілінде түсіндірілген, ал өзі бұл тілді әлі толық меңгермеген еді. Дегенмен орыс сыныбына ауысудан бас тартқан.

Айсәуленің айтуынша, мектептегі оқуына әжесі көп көмектескен. Тіпті жоғары сыныптарға дейін үй тапсырмасын орындауға жәрдемдесіп, «Абай жолы» романындағы әр сөйлемді аударып, түсіндіріп отырған.

«Әжем болмағанда мектепті қалай бітірер едім, білмеймін», – деп түйіндеді ол.