Мексикада өткен Димаш Құдайбергеннің концертінде мыңдаған жанкүйер қазақ тілінде ән шырқады. Мерида қаласында жиналған көрермендер әншінің шығармаларын жатқа айтып, Қазақстанға деген ерекше ықыласын көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Димаштың әлемдік турнесіндегі әр концертте қазақ тіліндегі әндерге ерекше орын берілген. Әнші халық әндерін заманауи нақышта өңдеп, ұлттық музыканың тереңдігін сақтап, шетелдік тыңдарманға ұсынады. Осы арқылы ол әлем жұртшылығын қазақтың тілімен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстырып жүр.
Меридадағы концертте де көрермендер қазақ әндерін ерекше ықыласпен қабылдады. Мәселен, “Ақерке” әні орындалғанда жанкүйерлер алдын ала дайындаған ақ түсті жүрекшелерін әуен ырғағымен тербетті.
Ән аяқталған соң Димаш көрермендерге алғысын айтып, бала күнгі арманы орындалғанын жеткізді.
“Алғысымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Көп рақмет! Бұл – үлкен арманымның орындалған сәті. Бала кезімде Латын Америкасына келуді армандайтынмын. Арада жылдар өткенде Алла маған сондай мүмкіндік берді. Бүгінгі концерт ең алдымен сіздердің арқаларыңызда өтті. Осындай тыңдармандарым бар бақытты адаммын. Қазақстанға келіңіздер, менің қонағым болыңыздар”, – деді әнші.
Ал 2025 жылғы жазда алғаш орындалған “Тау ішінде” халық әні шетелдік жанкүйерлердің сүйікті шығармаларының біріне айналған. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі Dears қауымдастығы бұл әнді жатқа біледі. Меридадағы концертте де көрермендер Димашқа қосылып ән шырқады. Тіпті ән аяқталғаннан кейін де көпшілік әуенді өздері жалғастырып, әншіні сахнадан жібергісі келмеді.
DIMENSIONS әлемдік турнесінде Димаштың қазақ тіліндегі авторлық туындылары да орындалып жүр. Олардың қатарында “Dimensions”, “Өмір”, “Самғау”, “Moonlight” және “Жаңа күн” әндері бар.
Концерттің әсерлі сәттерінің бірі “Жаңа күн” әні кезінде болды. Димаш көрермендерге алғыс білдіріп, Қазақстан мен Мексиканың туларын қатар көтерді. Осы сәтте көпмыңдық зал әншімен бірге “Пай-пай, шіркін, ұмытылмас күн!” деп қазақша шырқады.