23.11.2026, 05:30

«Нағыз текті отбасы»: Азамат Сатыбалды 28 жасында соққан зәулім үйін көрсетті (ВИДЕО)

Коллаж: SN.kz

"Бұл үйді 28 жасымда өзім салдым. 30 жасымда көшіп кірдім". 

Белгілі актер әрі продюсер Азамат Сатыбалды Еркебұлан Тоқтарды үйіне шақырып, төрт қабатты зәулім үйін көрсетті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Өнер иесі баспанасын жас кезінде өз күшімен салғанын және содан бері оның ішкі көрінісін өзгертпегенін айтты.

Актер Instagram парақшасында үйдің құрылысына қатысты естеліктерімен бөлісті.

«Бұл үйді 28 жасымда өзім салдым. 30 жасымда көшіп кірдім. Содан бері осында тұрамын, ештеңесін өзгертпедім. Ол кезде тәжірибеміз жоқ, қызығып, қабаттарын көбейте бергенбіз. Сөйтіп, төрт қабатты үй болып шықты. Жалпы аумағы – 580 шаршы метр», – деді Азамат Сатыбалды.

Актер қонағына баспанасының әр қабатын аралатып, өзі үшін ерекше мәні бар заттар мен жеке мұрағатын көрсетті.

Үйдің интерьері классикалық стильде безендірілген. Мұнда кең залдар мен жатын бөлмелер бар. Азамат Сатыбалдының айтуынша, жұбайы Назгүл Қарабалина үйдегі жиһаздарды жаңартуды ұсынғанымен, ата-анасынан қалған, естелікке айналған дүниелерді сақтап қалуды жөн көрген.

Үйдің төртінші қабатында актердің театр сахнасында және кино түсірілімдерінде пайдаланған костюмдері жинақталған. Бұдан бөлек, мұнда Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш қайраткерлерінің портреттері де бар.

Өнер иесі ұлт зиялыларының суреттері оған үнемі рухани жауапкершілікті сезіндіріп, ой салатынын атап өтті.

Оқырмандар таңданыстарын жасыра алмай, түрлі пікір қалдырды. 

"Өнерде ғана емес, күнделікті өмірде де мықты азамат екен", "Азамат аға мен Назгүл әпкеге құрметім артты осы сұхбаттан кейін", "Тектінің -тұнығы,асылдың -сынығы десе де болады екен", "Нағыз қазақи тәрбие, текті, үлгілі отбасы. Махаббат деген осы", - деп жазды желі қолданушылары.