25.11.2026, 15:40

«Мені қаралап жатыр»: Ерке Есмахан көйлегіне қатысты дауға жауап берді (ФОТО)

Фото: Instagram.com/erke_esmahan

“Қандай идеямен қандай көйлек киіп едім?"

Әнші Ерке Есмахан дизайнер Ханым Айдаштың өзіне қатысты айтқан сынына жауап беріп, Мәдина Ералиеваның сахналық көйлегіне қатысты дау қалай туындағанын түсіндірді. Өнер иесі жұртшылықтың мән-жайды анықтамай жатып өзін кінәлағанына наразы, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін Ерке Есмахан марқұм Мәдина Ералиеваның репертуарындағы “Наз” әнін өз нұсқасында орындап, оған бейнебаян түсірген болатын. Алайда клипке қатысты белгілі дизайнер Ханым Айдаш пікір білдіріп, әншінің өз еңбегін атап өтпегеніне ренішін жеткізді.

Дизайнердің сөзінше, ол кезінде Мәдина Ералиеваға күлгін түсті сахналық көйлек тігіп берген. Ерке Есмаханның бейнебаянында сол образдың жаңартылған нұсқасы көрсетілгенімен, дизайнердің аты аталмаған.

“Мәдина Ералиеваға күлгін түсті көйлек дайындағам. Ерке Есмахан клипінде соның жаңа нұсқасын киді. Бірақ ол содан шабыт алдым деп мені айтпады. Негізі айтқан жақсы. Себебі оның бастапқы образын мен жасадым ғой, менің қуатым бар ғой”, – деген еді Ханым Айдаш.

Дизайнер шығармашылық жұмысты қайта жаңғыртқанда оның авторын атап өту маңызды екенін айтқан. Осы пікірден кейін Ерке Есмахан әлеуметтік желіде бірнеше жазба жариялап, жағдайға қатысты өз түсінігін берді.

Әнші соңғы күндері әлеуметтік желіге кірмей, отбасымен уақыт өткізгенін, алайда өзіне қатысты жаңалықтарды көріп, жауап беруге мәжбүр болғанын жеткізді.

“2-3 күн инстаға шықпай, Оралдан келген папа-мамама келіндік қызмет етіп, Исламның туған күнін тойлап, өз-өзіммен жүрдім. Бүгін де интернетке шықпаймын деп ойлаған едім. Алайда маған жала жабылып, ол жаңалықтарға шығып жатыр екен”, – деді ол.

Ерке Есмахан дизайнердің сөзін естіген соң, қай жерде біреудің еңбегін бағаламай қалғанын түсінбей, біраз ойланғанын айтты.

“Қандай идеямен қандай көйлек киіп едім? Қай жерде рақмет айтпай қалдым? Кімнің еңбегін бағаламай қойдым деп біраз ойландым”, – деді әнші.

Өнер иесі дизайнер сөз еткен көйлекті өзі кимегенін атап өтті. Оның айтуынша, бейнебаянның соңындағы кадрларда Мәдина Ералиеваның архивтік бейнесі көрсетілген.

“Дауыс” альбомымда Мәдина Ералиева апамның шырқаған “Наз” әнін өз нұсқамда орындап, бейнебаян түсіргенімді жақсы білесіздер. Сол әннің соңында Мәдина апамыздың дауысын қалдырып, бейнебаянда апамыздың сыңғырлаған үні мен өз бейнесін көрсеткен едік. Енді қызығы, дизайнер ханым сол үзіндідегі Мәдина апамның сонау жылдары киген көйлегі мен шляпасының дизайнері екен”, – деп түсіндірді Ерке Есмахан.

Әнші жұртшылықтың жағдайды толық білмей тұрып өзін айыптағанын әділетсіздік деп санайды.

“Енді дизайнер ханымға: “Көйлегіңізді қайта тіктіріп, киіп тұрған Ерке Есмахан емес, ол – Мәдина апамыздың архивтен алынған бейнесі” деп түсіндіретін жанынан бір жақсы адам табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Халық та мән-жайды түсінбей, мені қаралап жатыр. Мұны әділетсіздік деп білемін. Сол себепті өзім түсіндіріп, осы стористарды жазып отырмын”, – деді әнші.

Десе де Ерке Есмахан дизайнерге өкпесі жоқ екенін, қайта Мәдина Ералиеваның сахналық образдарын жасаған маман ретінде оның еңбегін бағалайтынын айтты.

“Дизайнер ханымға ренішім жоқ. Керісінше, Мәдина апамыздың көзін көрген, сахналық киімдерін тіккен, тарихта қалған тұлғамызбен жұмыс жасаған талантты дизайнер ретінде сыйлаймын. Аман болыңыз!” – деді ол.

Сонымен қатар әнші “Наз” әнін орындағаны үшін айтылып жүрген сынның әлі де жалғасып жатқанын сөз етті.

“Менің орындауымдағы “Наз” әніне айтылатын сын әлі күнге дейін таусылар емес. Әніне, сөзіне, орындалуына, бейнебаянына, енді, міне, тіпті көйлекке де тиісуде. Мен бұл әнді кішкентай кезімнен орындаймын. Уақыт өте келе үлкен сахнада шырқап, естелікке бейнебаян түсірдім. Бұл – менің Мәдина апамызға және қазақ өнеріне деген құрметім”, – деді Ерке Есмахан.

Әнші жаңа туындысын тыңдармандары жылы қабылдағанына қуанышты екенін айтып, сынға әзілмен жауап берді.

“Ең бастысы, ән менің орындауымда да тыңдармандарыма ұнап жатыр. Жақсы лебіз өте көп. Қуаныштымын. Бірақ Ерке Есмахан деген аттың эффектісі қаттырақ болып тұр. Өзім-ай, өзім!” – деп жазды ол.