$ 458.85 € 503.5 ₽ 5.59

«Басқаға көңілім ауды»: Азамат Сатыбалды күтпеген мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Сұхбат барысында журналист актерден жұбайынан өзге адамға көңілі ауған сәттері болған-болмағанын сұрады. 

Танымал актер Азамат Сатыбалды шығармашылық жолында жұбайынан басқа адамға көңілі ауған кездері болғанын жасырмады. Өнер иесі актриса Назгүл Қарабалинамен бірге журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында отбасыдағы сенім, қызғаныш пен махаббат тақырыбында ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Сұхбат барысында журналист актерден жұбайынан өзге адамға көңілі ауған сәттері болған-болмағанын сұрады. Азамат Сатыбалды мұндай сезімдердің болғанын жоққа шығармай, оны шығармашылықпен байланыстырды.

"Ер жігіт болғаннан кейін ондай ойлар болады ғой. Мен қазір өзімді періште етіп көрсетіп, ондай нәрсе болған жоқ деп айтпаймын. Әрине, өнер ортасында жүргеннен кейін, кейде шығармашылық шабытқа бөленгенде ондай сәттер болады. Бірақ оның бәрі шектен шығып, харам іске ұласпауы керек. Ондай сезімдерді дұрыс арнаға, рөлге бағыттау қажет. Мысалы, кейде сондай ғашықтық сезімге бөленген сәттерімде рөлдерім керемет шығады. Мұның бәрін Назгүл түсінеді, біледі", – деді актер.

Өз кезегінде Назгүл Қарабалина да жолдасының пікірін қолдап, актерлік өнерде сезім мен эмоцияның маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейіпкердің образын шынайы жеткізу үшін актер сахнадағы серіктесінен қажетті сезімді көре білуі керек.

"Мен өзім де шығармашылық адамымын ғой, мұның бәрін түсінемін. Мысалы, ол бір рөлді ойнап жатса, сахнадағы серіктесінен өзі сомдайтын кейіпкерге қажет сезімді көрмесе, бәрі өтірік болып шығады. Оған эмоция керек. Бірақ бұл оның біреудің соңынан еріп кетті деген сөз емес. Бұл – шығармашылық ортада түсінікті мәселе. Ал көпшілік оны бірден қабылдай бермеуі мүмкін. Өйткені мұны түсіну үшін сол өнер әлемінде өмір сүру керек. Театрда қаншама шығармашылық жұп бар. Олардың бәріне күдікпен қарай берсең, жұмыс істеу мүмкін болмайды", – деді актриса.

Сондай-ақ Азамат Сатыбалды жұбайының мұндай жағдайларға қызғанышпен қарамайтынын, керісінше, әзілге айналдыратынын айтты. Актер үйден шығар алдында Назгүл Қарабалинаның өзіне айтатын сөздерін еске алып, сұхбат барысында көпшілікті күлдірді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0