Конституция күнін мерекелеуге орай елорда тұрғындары мен қонақтары үшін үш күн бойы концерттер ұйымдастырылады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қала әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, ертең сағат 16.00 Конгресс-Холлда қазақстандық эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Концертті тамашалауға Астанада тұратын 100 зейнеткер шақырылды.
29 тамызда сағат 16.00 Бейбітшілік және келісім сарайында да мерекелік шара ұйымдастырылады. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері келушілерге керемет көңіл күй сыйлайды. 30 тамызда сағат 10.00 қалалық алаңда елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт ұйымдастырылады. Шараға қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысады.
Конституция күнін мерекелеуге жас астаналықтар да үлес қосады. Олар Отан қорғаушылар алаңында өтетін суреттер байқауына қатысады. Сондай-ақ, 29 тамызда Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекеме тұрғындарына арналған «Ата заңым ардақты» салтанатты шара өткізіледі. Ал 30 тамызда мекемеде «Наз» би театрының әртістері өз өнерлерін ортаға салады.