Маңғыстау облысында өтіп жатқан V-ші Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестивалінде Астана қаласынан келген жастар театры көпшілік қауымға Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясын ұсынды. Қойылымды тамашалауға облыс әкімі Алик Айдарбаев келген болатын.
— Фестивальге Николай Гогольдің «Ревизорын» алып келдік. Бұл шығарманы мүлдем бөлек қойып шықтық. Жастарға арнап жасадық, сюжеті сол болғанмен, мақамы өзгеше. Қойылым аздап мюзиклға жақын болды. Біз туындыны орыстардың емес, өзіміздің менталитетке жақын етіп жасауға тырыстық.Жастардың жүріс-тұрысына, біліміне қарап отырып, оларға көпсөзділіктен гөрі, көп әрекетке, ән мен биге мән беретін қойылым қажет деп таптық», — деді театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
Қойылым бастан-аяқ тынымсыз динамикаға құрылған. Жас актерлер сахнада ән де салды, би де биледі, өз кейіпкерлерін жанып жүріп ойнайды.
— Маған әсіресе Хлестаковтың рөлін сомдаған Дәурен Серғазин қатты ұнады. Жан-жақты дарын иесінің бойында келісті түр де, әншілік те, актерлік шеберлік те, бишілік өнер де бар. Жалпы қойылымнан тамаша әсер алып шықтым, — дейді қала тұрғындарының бірі.
Айта кетсек, театр әлеміне 2007 жылы қосылған жастар театрының ұжымында бүгінде 35 актер жұмыс жасайды. Олардың басым көпшілігі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған. Айта кетейік, театр ұжымы жеті жылдың ішінде халықаралық және республикалық фестивалдерден алты бас жүлдені иеленген.
Кеш соңында ерекше өнер көрсеткен аталмыш ұжымға Маңғыстау облысы әкімінің ықылас гүлі тарту етілді. Естеріңізге сала кетейік, 30 қазан күні фестивальдің жабылу салтанаты ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлделерді табыстау рәсімі өтеді. Ең үздік қойылымға облыс әкімі атынан 1 млн.теңге тағайындалған болатын.
«Ревизор» туындысы әрқашан да өміршең. Мұны уақыттың өзі әлдеқашан дәлелдеген. Өйткені, қойылымда сөз болатын мәселе әрдайым өзекті қалпында. Гогольдің құдіретті қаламымен дүниеге келген әйгілі туындыны театрдың режиссері Нұрқанат Жақыпбай заманның бүгінгі талабына, қазіргі көрерменнің рухани сұранысы мен талғамына сай дайындағандығы көрініп те тұр. Драматург өз шығармасын кезінде комедия деп атаса да, қоюшылар бұл жолы оған «трагифарс» деп ат қойып, айдар тағыпты.