$ 498.34  519.72  4.85

Болат Әбділманов, артист: «Ұлт жоспарын жүзеге асыруда өнер адамдары да атсалысуы керек»

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мәдениет саласы да ұмыт қалмағаны белгілі. Атап айтқанда, 86 және 87-қадамдарда ұлттық туризмді дамыту үшін мәдениет саласын қатар дамыту қажеттігі көрсетілген. Ал, бұл жайында өнер адамдарының өздері хабардар ма? Шығармашылықта жүрген тұлғаларымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін несімен атсалысып жүр? Бұл сауалдарға жауап алу үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановты сұхбатқа тартып көрдік.

– Болат аға, соңғы кезде елімізде болып жатқан ең ірі мәдени шаралардың қатарына ЭКСПО көрмесін жатқызуға болатын шығар... 3 ай бойы Астанада түрлі деңгейде концерттер өтіп жатыр. ЭКСПО-ның тек энергетика емес, мәдениет пен өнер саласына да қосқан үлесі бар деп жұрт әзілдеп жүр. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– ЭКСПО-ны кез-келген ел өткізе алмайды, тек алдыңғы қатарлы, экономикасы дамыған елдер ғана мұндай мәртебелі, халықаралық деңгейдегі мега-жобаны абыроймен өткізетінін жақсы білесіздер. Сол елдердің қатарына енді Қазақстан да қосылып отыр. Бұл біздің мақтанышымыз.

Ал, енді өнерге келер болсақ. Көрмеге шетелден және өз елімізден қонақтардың өте көп келді. Олар тек көрменің өзін ғана емес, халқымыздың мәдени және рухани құндылықтарын да көрулері керек. Бұл тұрғыда эстрада әншілері, дәстүрлі әншілер, театр актерларының өнерлері қажет-ақ. 

Біз, қазақ өнерінің қара шаңырағы Әуезов театры ЭКСПО-ға арнайы барып, Ғабит Мүсіреповтың «Қыз Жібек» қойылымын қойдық. Ерлік Нұрсұлтан деген жас режиссер осы спектакльді қайтадан қойып, бұл қойылымда екі жастың арасындағы махаббат қана емес, одан да терең еліңе, жеріңе, ұлтыңа деген махаббат бар екенін көрсетті. Қойылым бүгінгі заманауи үлгідегі бүкіл техникалық құралдармен барлығын байланыстыра отырып жасалды. Халық өте жақсы қабылдады. Тік тұрып, қол соқты. Қойылымда театрымыздың ерекше талантты, жас актерлары Алмас Шаяхмет, Салтанат Бақаева, Зарина Кармен, Еркебұлан Дайыров, Асан сияқты жастары ойнады. Сонымен қатар, үлкен кісілер, біз де ойнадық. Мен мысалы Төлегеннің әкесі Базарбайды ойнадым.

Бұл ЭКСПО деген бүкіл әлемге қазақ деген мемлекетінің басқа бір жағынан көрсету, оның ерекше бір тамыры тереңде жатқан ұлт екенін, тамырын тереңнен алған үлкен алып бәйтерек екенін көрсету, дәлелдеу, барымызды көрсете білу. Бұл көрмеге қаншама миллион халық келіп жатыр. Әлемнен қаншама қонақтар келіп, үлкен әсермен қайтып жатыр. Әр келген адам өз еліне ЭКСПО туралы хабар жеткізеді. Сондықтан, осындай бір ерекше тарихи сәт, тарихи бір кезең, сол белестен біз үлкен абыроймен өтіп тұрмыз. ЭКСПО бізге осындай рухани жаңғыру жолдауындағы себептер сияқты үлкен бір күш береді, біздің болашаққа сенім береді, болашаққа деген энергия, қуат көзінің осы бүкіл әлемге дәлелдеу жолындағы сол қуат көзін көрсетеді. Ал біздің еліміздің қуат көзі ол әрине халқымыздың рухани байлығы, тарихы, дәстүрі, тілі, діні ғой.

– Жалпы, ЭКСПО-ның аясында көптеген шетелдіктер елімізге келіп жатыр, иә. Олардың мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыра алдық па?

– Біздің тарихымыз өте бай. Біз шетелдіктерге күмбірлеген күйімізден бастап, қазақтың кең даласындағы асқақтата салған әніміз, күйіміз, дәстүрімізді көрсетеміз. Біздің дәстүріміз ешқандай ұлттан кем емес, артық болмаса.  Жаңағы айтқан театрымыз бар, киномыз бар, өнеріміз бар. Театр мәселесінде «Қыз жібекті» қаншама шетелдіктер келіп көрді. Тіпті сонау киім үлгісінен бастап, біздің дәстүрімізден бастап, ана мен әкенің арасындағы, бала мен ананың, бала мен әкенің арасындағы, қыз бен жігіт арасындағы бүкіл асыл сезімдерді қалай дәріптейтінін, елін-жерін қорғау жолындағы сондай ерекше бір махаббатты көрді. Оның бәрі шетелдіктерге үлкен әсер етті деп ойлаймын. Кәдімгідей қолдарынан ұстап көргісі келіп, жылтыраған әрбір күмістен жасалған керемет әшекейлер, қыздардың тобығына дейінгі қос бұрымы түсіп жүрген, қыздарымыздың бұрымына қызығып, әдемілігіне, ибалығына, инабаттылығына, сондай нәзіктігіне, сыршыл жүрегіне қызықты. Кейін бізден бастап, біздің музыкамыз қандай, Төлегенді ойнаған, қыз Жібекті ойнаған қыз-жігіттеріміздің, Бекежанды ойнаған жастарымыздың қандай керемет ән салғанын, сол әнге деген классикалық әуен, қазақтың кең даласында бір ұшып келе жатқан сияқты, таудың биігіне шығып алып, саф таза ауаны жұтқандай ерекше әсер алды олар.

– Былтыр Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жариялаған болатын. 100 қадамның бірнеше қадамы мәдениет және өнер салаларын қамтиды. Бүгінде бұл құжатты депутаттар, сарапшылар әбден талқылап, халыққа түсіндіріп бітті ғой. Ал, сіз өзіңіз осы бағдарламадан хабарыңыз бар ма? Өнер адамдары өзара талқылап, жоспар аясында жұмыстар атқарып жатқан жоқсыздар ма?

– Әрине, біздің ортамызда талқыланып, әркім өз пікірін айтып, өз ойын айтып, талдадық. Бұл жерде басты мән беретін қадамдардың бірі – 86-қадам. Яғни, өнер адамдары үшін. Бұл қадамда Елбасы «Алматы – Қазақстанның еркін мәдени аймағы» кластерін жасауды тапсырған. Осы тапсырма аясында енді Алматы әкімдігімен, Мәдениет басқармасымен бірлесе біз де бірқатар жұмыстарды атқаруға атсалысамыз.

Бұл жерде мәдени туризм жайы сөз болған ғой. Яғни, туристер Алматыға қазақ мәдениеті мен өнерін көрсек деп ағылуы керек. Бұл бүгін-ертең жасалатын жұмыс емес екені де белгілі. Сондықтан, белгілі жоспар аясында жұмыс атқарамыз.

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қазақ азаматтарының бойында патриоттықты қалыптастыру керек деген тапсырма бар, шатаспасам 88, 89-қадамдар. Енді, өнер саласында жүрген азаматсыздар, идеологияға сіздер де жақынсыздар. Сіздің пікіріңізше, патриоттықты қалай оятамыз?

– Бізде қазір қойып жатқан қойылымдарымыздың бәрі осы жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ұлтын сүюге, ұлтын көзінің қарашығындай сақтауға арналған. Мысалы, мен актер азамат ретінде осы рөлімде не айттым деп, яғни мен осы патриоттық сезімді ояту жолында, елімді, жерімді қорғау жолында қандай ой айтам деп жұмыс істеймін. Міне, осы жөнінде арнайы талдап, осы жайында жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені біздің қойып отырған қойылымдарымыздың барлығы да сол Елбасының «Рухани жаңғыру» жолдауымен тікелей байланысып, тікелей атсалысып, осы мақсатта жоспарланады.

– «100 нақты қадам» бойынша мәдениет саласына қандай өзгерістер, қандай жаңалықтар керек деп ойлайсыз?

– Енді Мәдениет саласына ең бастысы бір тыңнан жол салам деп, өткенді ұмытпау керек. Үш нәрсені өткені, бүгінгі, ертеңгісі, осымен тікелей байланыстыра отырып жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Қазіргі ұрпақтың өзінің ойы бар, бүкіл әлемді көріп отыр. Соған байланысты ескі, бұрынғы сүрлеуде де қалып қоймай, сол бұрынғы сүрлеуді жаңартып, жаңа жол салып, өзінің жететін діттіген мақсатына жету жолына арналады біздің ізденістеріміз. Мәдениеттің қай саласы болмасын, көрермен ляззат ала алуы керек.

– Өнер адамдары саясатқа тек сайлау кезінде араласады деген пікірлер бар қоғамда. Расымен солай ма?

– Өнер адамдары саясатқа тек сайлау кезінде араласады дегенге мен келіспеймін. Театрлық қойылымдарымыздың барлығы әдеби шығармалар емес қой. Мысалы, жер проблемасына, ұлтшылдыққа қатысты түрлі қойылымдарымыз бар. Журналистер саяси көзқарасымызды сұрап келсе саясатқа қатысты өз пікірімізді де айта аламыз. Танымал әншілерді сайлау кезінде үгіт-насихат жұмыстарына пайдаланатыны рас. Бірақ, ол тек бізде емес, әлемдік тәжірибеде қалыптасқан. Кешегі АҚШ-та өткен сайлауда да Голливудтың танымал жұлдыздары Хилари Клинтонның жарнамасын жасады, соған дауыс беруге үгіттеді. Енді біздің әншілердің олардан қай жері кем?

– Әңгімеңізге рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары