$ 443.37  474.49  4.83

«Мұхтар Әуезов және халықтың рухани жаңғыруы»

Ұлы қазақ жазушысы, қоғам қайраткері, ғалым, Ұлттық Ғылым Академиясының алғашқы академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Омарханұлы Әуэзовтың 120 жылдығына орай «Ғылым ордасы» ғимаратында «Мұхтар Ауезов және халықтың рухани жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті.

Мұхтар Әуезов Алматыға дейін Семей, Ташкент, Ленинград қалаларында оқып, жұмыс істеген. 1930 жылдан бастап Алматыға көшіп келді. Сол кезеңдегі қаланың тағдыры мен өмірі «Алматы күні» атты шығармасында сипатталды.

Бүгінде жазушыларға арналған Төлебаев көшесіндегі 185 үй Алматыдағы қазақ мәдениетінің ерекше бойтұмардай орталықтарының біріне айналды. Дәл осы жерде ол өзінің атақты «Абай жолы» шығармасын аяқтап бітірді. Бүгінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен ескерткіш үй-музей «Астана-Стройинвест» корпорациясы арқылы қайта жөнделді.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мұхтар Әуезов тума дарындылығымен қатар, өзі өмір сүрген трагедиялық жағын да танытып кетті. Ол жарқын публицист, танымал очеркист, талантты драматург, қазақтың ойшыл гуманисті, Абайдың өмірі мен қызметі жайлы жазу арқылы қазақ халқының өмірлік энциклопедиясын әлем әдебиетіне танымал етті. Өзі де шексіз даңққа бөленді. Ол көшпенділер тарихын шебер суреттеу нәтижесінде өзін де, Абай кешкен дәуірдің заңды жалғасы етіп, көрсете білді деп сан қырлы талант иесіне лайықты бағасын берген еді», – деп өзінің алғы сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек атап өтті.

Қазақстанның беделді ғалым-филологтары симпозиум барысында қазақ әдебиетіндегі классикасының шығармашылық және ғылыми мұралары жөнінде және оның заманауи ғылым мен әдебиетте алар орны туралы сөз қозғады. Іс-шараға АҚШ, Голландия, Ресей, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ұлыбритания, Түркия сынды алыс-жақын шетелдерден ғалым-әдебиеттанушылар қатысты.

Солардың бірі Мұхтар Әуезовтың Голландияда тұратын немересі Зифа-Алуа Әуезова. Ол кемеңгер жазушының еңбектері мен өмірі әліге дейін жан-жақты зерттеліп келе жатқанына разылығын білдірді.

«Мұхтар Әуезовтің негізгі мамандығы түркітанушы. Мен де осы мамандық бойынша білім алдым. Қазір осы салада қызмет етіп келемін. Бүгінде ұлы жазушының шығармалары жан-жақты зерттелуде. Ойшыл жазушының еңбектеріне қызығушылық жоғары», - деді филология ғылымдарының кандидаты Зифа-Алуа ӘУЕЗОВА.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясыныңакадемигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Әуезовтың шығармалары әлемнің жүздеген тіліне аударылды. Бір ғана «Абай жолы» романы 116 тілге аударылып, басылып шыққан.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары