$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Текті сөздің төресі – терме» атты қалалық байқау өтті

Алматыда дәстүрге айналған «Текті сөздің төресі – терме» атты қалалық байқау өз мәресіне жетті. Рухани шара «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отыр. Байқауды әдеттегідей Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып отыр.

Байқауға құрметті қонақ ретінде мемлекеттік мекемелердің ресми өкілдері, зиялы қауым, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, әдебиет сүйер қауым, студенттер мен оқушылар қатысты.

Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, талантты жастарды жан-жақты көтермелеу, «жыр-терме» ұлттық жанрын жастардың арасында кеңінен насихаттау, ұлттық жанрды дамыту, қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне көпшіліктің ықыласын арттыру.

Ережеге сай, байқауға терме орындау шеберлігін игерген 16-35 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Дәстүрлі түрде өтетін байқауға өткен жылдардағы жеңімпаздар қатыса алмайды. Аталған шараға аудандық кезеңнен бірінші, екінші және үшінші орын алған жүлдегерлері қатысты.

Байқаудың шарты бойынша, қатысушы үміткерлерге төмендегі  тақырыптық бағыттар ұсынылды:

- Ел бірлігі;

- Алашорданың 100 жылдығы;

- Қазақстан халқын топтастырудағы тілдің маңызды рөлі.

Байқауға қатысушылардың өнерін бағалау кезінде олардың терме орындаушылық шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударылды.

- Қазылар алқасының шешімімен, І орын – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті Жігер Бектұрғановқа, ІІ орын – Ерсейіт Әлиевке, ІІІ орын – Болатбек Құбашовқа бұйырды. Ал, басқа да қатысушыларға тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтар, алғыс хаттар тапсырылды. Байқаудың жеңімпазы Алматы қаласының атынан  республикалық «Текті сөздің төресі – терме» конкурсына жолдама алды, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі.

Айымхан Әмірбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары