Алматы музейінде «Жұлдызбен музейге» акциясы жалғасуда. Осы аптаның бейсенбісінде танымал әнші Мадина Садуақасова мен Артур Төлепов музейде қонақ болып, мектеп оқушыларымен бірге қалалық экспонаттарды аралады.
«Жұлдызбен музейге» акциясы – бұл музейде экскурсия өткізудің жаңа форматы. Бұл жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында және ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдының бастамасы бойынша ұйымдастырылған шара. Бұл жолы қонақ болған Мадина Садуақасова жобаның сәтті идея екенін айтып, қолдау білдірді.
– Біз музейлерде жиі болып тұрамыз. Барған жерлеріміз, аралаған қалаларымыздың бәрінде міндетті түрде жергілікті музейін аралап, тыныс-тіршілігімен, тарихымен танысып жүреміз. Ал мынадай идея тіпті керемет екен. Халық алдында жүрген азаматтармен бірге музей аралап, жастарды музейге шақыру жақсы идея. Мен қуана қолдаймын. Ал, Алматы музейі өзіме қатты ұнады. Тіпті «Кәсіби өнердің дамуы» залын ерекше жақсы көріп қалдым. Әрбір өнер адамына осы жер ыстық көрініп жатыр деп ойлаймын, – деді әнші Мадина Сәдуақасова.
Айта кетейік, «Жұлдызбен музейге» акциясының негізгі мақсаты – қазіргі қоғам жастары үшін идеал болып саналатын Қазақстан жұлдыздарының қоғамдық өмірге белсене қатысуы арқылы тарихи мұра мен құнды музей экспонаттарын таныстыру, насихаттау және музейге бару мәдениетін қалыптастыру. Осы орайда, мектеп оқушылары мен қала жастарынан келушілер саны артып отырғанын айта кетейік. «Жау жүрек мың бала» фильмі арқылы танылған Артур Төлепов жас та болса осы шараға шақырылғанына алғыс айтты. Оның айтуынша, мұндай шаралар жастарға рухани азық беріп қана қоймай, миға бір сәт болса да демалуға мүмкіндік беретін көрінеді.
– Мен тіпті бұлай ойламадым. Мектеп оқушыларымен музей аралап жүріп, өзімнің оқушылық өмірім есіме түсті. Біз де мектеп кезінде музейге, театрға жиі барып тұрушы едік. Қазір енді өнерде жүрген соң қарбалас тіршілік. Дегенмен, кітаппен дос болуға тырысып жүрмін. Музейге келу әрине рухани азық қой. Тіпті өзім сүйікті қалам туралы көп білмейді екем. Бүгін рухани азық алып қана емес, рухани байып бара жатырмын, – деді Артур Төлепов.
Жастар асыға күткен эстраданың қос жұлдызы тарихи мұра мен құнды музей экспонаттарын таныстырды. Сондай-ақ, көне заманнан бүгінге дейінгі қала тарихы залы, ортағасыр залы, Верный кезеңі, «Кәсіби өнердің дамуы» залымен танысып, жастармен тығыз байланыста болды.
Айта кетейік, бұған дейін «Жұлдызбен музейде» акциясы барысында Алматы музейінде Азамат Сыздыков, Сәкен Майғазиев, «Алашұлы» тобы, Аян Өтепберген, Әли Оқапов және «Жігіттер» тобы қонақта болған еді.
Ақбота Мұсабекқызы