$ 448.15  483.46  4.86

Ақын Маралтай Райымбекұлы туған жерінің жастарымен кездесті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әр азамат өзінің туған жеріне қолынан келгенше көмек көрсетіп, оның дамуына үлес қосу керектігі айтылған болатын. Осыған орай белгілі ақын, «Дарын» жастар силығының иегері Маралтай Райымбекұлы туып өскен Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы бірқатар мектеп оқушыларымен кездесті.

Маралтай Райымбекұлы бірінші өзі туған Игілік ауылындағы «Шоқай Датқа» атындағы орта мектепке барды. Онда ақынды барынша сән-салтанатымен күтіп алды. Өйткені, бұл білім ордасы Маралтай ақынның да білім нәрімен сусындағын жері. Кездесуде «Рухани жаңғыру – елдігіміздің еңсесі» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

Маралтай Райымбекұлы, ақын

- Бұл шара облыстық білім басқармасының қолдауымен «Туған жерге тағзым» жобасы аясында өтіп отыр. Маған олар шақырту беріп, қайда барасыз дегенінде, өзімнің туған жерім Сарысу ауданына келетінімді айттым. Мұнда ерекше кездесу болды. Әсіресе, рухы бай жастар өсіп келе жатқаны қуантты.

Кездесуде мектеп оқушылары ақынға арнаған өлең шумақтарын оқыды. Туған жерге ақын Маралтай Райымбекұлы да құр алақан келмепті. Ол осы мектептің кітапханасына 60 жаңа кітапты сиға тартты. Сонымен қатар, осында оқитын оқушылар арасынан үздік шыққан жас ақын Сымбат Бекқожаеваға 50 мың теңге көлеміндегі силық пен марапат қағазын табыстады.

Бұдан кейін ақын Байқадам ауылындағы Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектеп ұжымымен кездесті. Онда «Жахандану тұсындағы рухани жаңғыру» тақырыбында әңгіме қозғалды. Ақынға арналып, мектеп оқушыларының шығармашылық кеші ұйымдастырылды. 90 жылдық тарихы бар білім ордасынан талай елге белгілі азаматтар шыққан.

Лаура Асанова, мектеп директоры:

- Елімізге белгілі азаматтың, біздің жерлесіміздің біздің мектепке келгендігі қуантады. Мұнда Маралтайдың шығармашылығын қолдап, соған ұқсағысы келетін жастар көп. Олар да бұл кездесуден үлкен азық алды.

Маралтай Райымбекұлының туған жердегі кездесуі Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп – гимназиясында қортындыланды. Мұнда да ақынға арнап жастар өлең оқыды. Шығармашылық кеш өткізді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы биыл сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған болатын. Елбасының бұған дейінгі бағдарламалары мен жолдаулары ел экономикасын тіктеуге негізделсе, «Рухани жаңғыру» аты айтып тұрғандай, қазақ қоғамының санасын жаңғыртуды көздейді. Мақалада «Туған жер» бағдарламасынан бөлек бірнеше басым бағыттар бар. Олардың қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Киелі жерлердің картасы», Қазақ әліпбиін латын графикасын көшіру сынды жобалар жүзеге асатын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары