28.11.2017, 06:34

Таразда күйші Ержан Рысметовтің шығармашылық кеші өтті

«Рухани жағыру» идеясы – бұл тек дөңгелек үстелдер мен семинар-конференциялар емес, сондай-ақ, әдеби, мәдени, өнер кештері. Халықтың рухани азық алуына дәл осындай іс-шаралардың тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан, соңғы уақытта елімізде дәл осындай руханиятқа толы іс-шаралар легі жиілей бастады.

Осындай өнер кеші күні кеше Таразда өтті. «Ұлы дала күйлері» деген атаумен өткен шара Жамбыл облыстық филармония ғимаратында болды және онда Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Ержан Рысметовтің күйлері орындалды. Турасын айтқанда, бұл танымал күйшінің шығармашылық кеші болатын. Концерттік бағдарлама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты идеясын жүзеге асыру мақсатында өтіп отыр.

Ержан Рысметов Жамбыл облыстық филомониясының әртісі, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, белгілі күйші. Бүгінгі кеш өнерпаздың сахнадағы 30 жылдығымен байланысты өткізіліп отыр. Мақсаты – бойымызға ұлттық рух беретін қазақтың күй, саз өнерін насихаттау, кеш иесінің шығармашылық жетістігін паш ету. Жиын  барысында мәдениет қайраткеріне мәдениет саласына қосқан үлесі үшін арнайы төс белгісімен марапаттады.

Сондай- ақ, концерт барысында кеш иесі Қазақ ұлт-аспаптар оркестірі мен фольклорлық ансамбльінің сүйемелдеуімен қазақ композиторларының  25-ке  жуық күмбірлеген күйлерін  қалын жұршылыққа тартту етті. Сонымен қатар, белгілі өнерпаз жеке орындауда да төл туындыларын ұмыт қылмады.

Салтанатты кешке республикамызға танымал, елімізге еңбегі сіңген мәдениет қайраткерлері, дәстүрлі әншілер мен күйшілер, сондай- ақ, Ержан Рысметовтың шәкірттері арнайы қатысты. Биыл 50-ге толып отырған өнер майталманының кеші көне шаһар жұртшылығына ұмытылмас  әсер қалдырды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» идеясы қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейді және бұл идея жүзеге асқанда Қазақстан әлемдегі өркениетті отыз елдің қатарына қосылуы тиіс. Бұған дейін ел билігі экономикалық даму бағытын ұстанған болса, енді халықтың рухани азық алуы үшін бел шеше жұмыс істемек.