Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесінің желісі бойынша Еркін Жуасбектің жазған пьесасы М.Әуезов атындағы драма театрының сахнасына шықты.
Соғыстан бұрын сүттей ұйып, шат-шадыман өмір сүріп жатқан бейғам ауылдың тыныштығы мен берекесі «халық жауы» атанып бір сәтте ұсталып кеткен Мұртазамен бірге кеткендей. Үш баласын әйелі Айшаға аманаттап үлгеруге ғана шамасы келген Мұртаза сол кеткеннен оралмады. Басына түскен қиындыққа қасқайып қарсы тұрмасқа Айшаның амалы жоқ – бұғанасы бекіп, қанаты қатпаған үш бала аузын ашып, өзіне қарап отыр. Тек тұңғышы Барысхан ғана қолғанат болуға жараған. Баланы жетім, әйелді жесір жасаған бұл нәубет мұнымен де тоқтар болмады – соғыс басталды!
Сахна шымылдығы түрілгеннен актерлер құрамының молдығы көзге ұрды. Театрдағы жас актерлер көпшілік сахнасына тұтас тартылып, қысылтаяң жылдардың қиян-кескі көрінісін пластика арқылы көрсетуге ден қойған. Режиссердің осы қалың құрамның арасынан екі отбасының тіршілігін оңашалап алып шығып, оны күллі соғыстың жиынтық көрінісі ретінде көрсетуді мұрат тұтқаны алғашқы минуттардан анық аңғарылды. Мұртаза мен Мамайдың жанұясы – тылдағы бүкіл қазақ ауылдарының типтендірілген тағаны. Екі отбасындағы ахуал - барлық қазақ ауылының халі. «Бәрі де соғыс үшін, бәрі де жеңіс үшін!» Осы ұранды ту ғып ұстағандардың ішінде Айша да тіршілік үшін жанталасады. Ел ішіндегі ауыртпалықты бір адамдай көтере жүріп, үш баласын қалай да аман алып қалу үшін бәріне төзуге бел байлаған. Соғыс кезіндегі қазақ әйелінің қайсарлығын көрсетуде басты рольде ойнаған Дәрия Жүсіп аянып қалмады. Қандай тауқыметке де тас-түйін дайын болуды үйренген Айшаның бойындағы ермінезділік, қолжаулық жасамақ болып қырындағысы келген әпербақан басқарманы орнына қоятын батылдығы, «Зингер» тігін мәшинесін әкелу үшін ақ қар, көк мұзға қарамай жердің түбіне баруға бел байлайтын көзсіз батырлығы Дәрияның дауысындағы жігерге толы реңкпен ашыла түсті. Езу тартып күлуді білмейтін Айшаның суық жүзін сесті етіп, екі акт бойына босаңсымай, соғыс таңған мінезді табиғи көрсетуге талпынып бақты. Айшаның ішкі әлемінің тазалығы Хан мен еліктерге байланысты құрылған ертегі әлемінен әдемі көрінеді. Бір қарағанда бөлектеу көрінетін бұл көріністі пьесамен қабыстырудағы мақсат – көкбөріге табынған қазақтың қайсар рухын көрсету. Өр рух соғыс кезінде тағы жаңғырды.
Оқиға жеке ауылда өтіп жатқанымен, режиссер соғыстың сұмдығына жахандық астар беріп, үлкен кеңістікке алып шыққан. Әр линиядағы көріністер майдан уақытына тән беймаза күйді білдіретін музыкамен байланыстырылған.Үздіксіз төгіліп тұрған музыка кейіпкерлер мұңымен ортақ.
Спектакльдегі образдар да мазмұндық жағынан толықтыра түспесе, бірінен-бірі алшақ кетпеген. Мұртаза мен Мамайдың шаңырағындағы қиындық қатар өріліп, бір-бірін ширықтыра түседі. Соқыр кемпір Қамқаның күні-түні қарғанатын зары – заманның запыраны. Бесіктен белі шықпаған кішкентай нәрестесін құшақтап қалған жап-жас Тотия келінді жесір етіп, үлкен ұлы Орақтың артынан келген қара қағаз онсыз да екі көзі су қараңғы ананы сорлатып кеткен. Гүлнәр Жақыпованың интерпретациясындағы бұл бейне нағыз қазақ кейуанасының жан дүниесін айнадан көрсеткендей айқындылығымен есте қалады. Арғы жақтан тасқындап келетін қуатты дауыс зарға барып ұласып, айтып тауыса алмас лағынетке толы сөздің кеудеде құмығып барып өшетіні баяғы Сәбира, Бикен апалардың үніндегі бір ұшқындарды байқатқандай болды. Шарасыз шалы Мамайдың шамданған кезі де осыған ұқсас. Актер Айдос Бектемірдің кескіндеуіндегі қорғансыз қарияның ролі Гүлнәр Жақыпованың қамыққан Қамқасымен сауатты үйлесімін тапқан. Шал демекші, қарттың бейнесін жасауға әлі де ертерек секілді көрінетін Үсіпхан Сейтімбеттің кейіптеген молдасы осы уақытқа дейін сахнаға шығарылған қалтырауық дауысты қартаңдардың ролін қатырып бейнелегендердің қатарына қысылмастан қосыла алады деп ойлаймыз. Қылышынан қаны тамған кеңестік кезеңнің қалыптасу кезінде шариғат жолымен неке қию салтының сақталғанымен қоймай, жеңге мен қайныны мәжбүрлейтін молданың тым сұрықсыз тірлігі көрерменге жағымсыз әсер етері хақ. Қос қарияның дәтке қуат етіп отырған жалғыз таяныштары – Нұрперзент еді. Ауылдағы Айдайға сезімі жаңадан оянып, жүрегі лүпіл қағып жүрген он бестегі ұялшақ Нұрперзентке ағасының жалғыз тұяғынан айырылмас үшін әкесі әмеңгерлік жолмен жеңгесі Тотияны қоспақшы. Соғыс сөйтіп бозбала шақты қимастан, оны да ерте есейтті. Қарт ата-анасының қалауы, өзінің Айдай сұлуға махаббаты, жазығы жоқ жеңгесіне деген аянышы – үсті-үстіне келген үш жақты қыспақтың құрсауында қалған арпалыс Ермек Бектастың ойынында сенімді шықты. Бұлай болғанына ешкім де кінәлі емес, кінәлі біреу – соғыс. Соғыс кезіндегі бейкүнә баланың бейнесі Ермектің ойынында сәтті шықты.
Драмадағы бөлек айтылуы тиіс бір бейне – Барысхан. Балалықпен қоштаса қоймаған, жігіттікке де әлі жетпеген жасөспірім шақтағы Барысханды Айшаның арқасүйері ретінде ғана айтсақ, аздық етер еді, ол - дербес мінез иесі. Достыққа адал, озбырлық пен әлімжеттікке жаны қас, анасы секілді көнбіс көрінгенімен, батылдық мұнда да бар. Барысхан бейнесіндегі Елжан Тұрыс ең әуелі, рольге дұрыс таңдалғанымен таңдантты. Жас жағынан да, мінез жағынан да кейіпкерімен бір адам секілді біте қайнасуға жанын салды. Шығармада Шерхан Мұртазаның өз прототипі ретінде баяндалатын Барысхан сахнада үлкен жауапкершілігі бар бейне қатарынан. Балалық шағы соғысқа тап келген Барысханның кішкентай жүрегінен майданның қалдырған ызғары мәңгілікке өшпеді. Оның бір үзіндісін қоюшы режиссер Тұңғышбай әл Тарази сахна сыртынан оқиды: «Парижді көрдім - Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым, Мысыр да түсіме кірмеді. Түркия, Пәкістан, Иран бардым, мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым, бұлар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым, оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме ылғи бұлақ кіреді. Түсімде ылғи туған елімді көрем...»
Болмаған балалық шақ туған жерді сүюге үйретіпті. Тұлға етіп тобығын қатайтыпты. Бұл – анасы Айшаның тағдыры емес, ел тағдыры. Көпшілікпен бірге жүріп жеткен Жеңіс тағдыры. Қырық бесінші жылдың көктемінде жеткен көбелектер көңілді гүлдетті. Талай мәрте сұраған Айшаның ақ тілегін Тәңірі қабыл етті – қос перзент желді желкен етіп, келешекке қанат қақты. Ал өзі алақан жайып, баласы үшін тілек тілеуден шаршамаған алтын тұғырында қалды...
Айгүл Аханбайқызы