Алматыда «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының, сондай-ақ, аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Алматы қаласы колледждер қауымдастығы, «Ел шежіре» қоғамдық қоры, Алматы темір жол көлігі колледжі ұйымының бастамасымен колледж студенттері арасында жас ақындар шығармашылығынан мүшайра өтті.
Ақындар мүшайрасы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылып отыр. Жас ақындардың шығармашылығын бағалауға бір топ қазылар алқасы жұмылып қызмет етті. Атап айтқанда, қазылар алқасы құрамында «Нұр Отан» партиясы Медеу аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Меруерт Мұқанова, «Ана тілі» республикалық басылымының қызметкері Дина Имамбай, «Ел шежіре» қоғамдық қорының төрағасы, бүгінгі шараның демеушісі Дәулет Әшімхан, «Айтуға оңай», «Қарекет» тележобаларының редакторы Сәкен Көкен болды.
Жыр мүшайрасының мақсаты – ұрпақ санасына ұлтжандылық рухын сіңіріп, таным көкжиегін байыту. Еліне, жеріне, ата-анаға деген құрмет пен сүйіспеншілігін сөз өнеріне сыйдырып, тұлғалық үлесін қосу.
- Жас ақындардың жыр мүшайрасы қалалық деңгейде өткізіліп отыр. Сайысқа жүзден аса колледж студенттері сұраныс білдірді. Олардың ішінен іріктеліп алпыстан астам қатысушы бүгін өз бағын сынайды. Шара алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймыз. Себебі, мұндай шаралар жастардың шығармашылық шабытын шыңдайды. Тәуелсіздік қарсаңында ұйымдастырылып отырған шарада «Отан-ана,Тәуелсіздік, Мәңгілік Ел, Елбасыға арнау, Қазақ елі, Мұқағалиға арнау» сынды өзекті, патриоттық тақырыптар қозғалатын болады. Сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Себерміз кең далаға өлең дәнін» жыр мүшайрасы жастарды рухани тұрғыда тәрбиелеп, ұлттық құндылықты насихаттауға баулиды. Біздің колледж осы мақала аясында ұлттық шараларды бір жыл бұрын қолға ала бастаған. Осының нәтижесінде колледж ғимаратында алпысыншы жылдары халық аспаптары мамандығын ашқан Болат Сарыбаев пен Бейсенғали Оразбекұлына арнап мерекелік шаралар өткізіп, мұражай кабинетін аштық. Аталмыш кабинетте студенттердің өз қолдарынан жасаған ұлттық аспаптарын, түрлі қолөнер бұйымдарын топтастырдық,-дейді Алматы құрылыс және халықтық кәсіптік колледжінің директоры Камал Жаманкөзов.
Аталмыш колледж студенттерінің шеберханасында қазақ халқының ұлттық аспаптары- домбыра, жетіген, қобыз т.б. аспаптардың көшірмесін кездестіруге болады. Колледж ғимаратынан рухани байлық, ұлттық құндылықтардың куәсі болып, қазақтың кеңшілдігін байқауға болады.
Жас ақындардың шығармашылығымен таныса отырып, жастардың бойынан Отансүйгіштікті, өршілдік рухты, ұлы достықты, адамгершілікті байқадық. Поэзия әлеміне деген сүйіспеншілікті, өлеңге деген ұлы құдіретті сезіне білген жастарға қызыға куә болдық.
– Жас ақындар мүшайрасы былтыр алғаш рет өткізілген болатын. Биыл екінші рет осы базада өткізіп отырмыз. Биыл аудитория үлкен. Былтырғы ақындардың өлеңдерін жинақ етіп алдарыңызға әкеліп отырмын. Осы кітаптың түп нұсқасын Алматы құрылыс және халықтық кәсіптік колледжіне мұраға табыстаймын. Алдағы уақытта бұл кітапты көптеп көлемдеп шығарамыз. Бүгінгі мүшайра осымен қалып қоймай, 2018 жылы наурыз айында терме,күйден байқау өткіземіз,-деді Алматы қаласы колледждер қауымдастығының президенті Жантілеу Азизханов.
Қазылар алқасының шешімі бойынша, бас жүлде Алматы қазақ-түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің студенті Құсмамбетова Зибашқа бұйырды. Ал, І орынды Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенті Нұрғанатов Бекнұр иеленді. Сондай-ақ, ІІ,ІІІ орындар анықталып жеңімпаздарға алғыс хат, мақтау қағаздары мен сый-сияпат табысталды.
Айымхан Әмірбекқызы