Алматы – мәдениет пен өнер ордасы. Апта көлемінде қалада түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, алматылықтар мен қала қонақтарын ерекше атмосферада ұстағаны жасырын емес. Екі күн бұрын бірінші халықаралық «Amanat Music» республикалық конкурс фестивалі басталды. Ал осы шара аясында «Алатауды жаңғыртты домбыра мен қомузым» атты Қазақстан және қырғыз дәстүрлі өнер шеберлерінің концерті өтті. Шараны Алматы қалалық Мәдениет басқармасы ұйымдастырып отыр.
Тамыры тереңнен тартқан екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мен қазақ-қырғыз өнерін насихаттауда ұйымдастырылған бұл алғашқы жоба. Кеш барысында екі ел өнерпаздары көрермендерін ақындар айтысы, ән айтыс, күй тартыс және би жарысымен тәнті етті.
Айта кетейік, «Аманат Мюзик» І халықаралық конкурс фестиваліне 5-25 жас аралығындағы өнерпаздар қатысады. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелден келген талан иелері бар. Алматылықтар мен қала қонақтары жас дарындардың өнерін Алатау дәстүрлі өнер театрында тамашалай алады. Ал 4 қараша сағат 16-00-де гала концертте конкурс жеңімпаздарын анықтайды.
«Азғантай ғана уақыттың ішінде елімізден және шет мемлекеттен 130 баланың бақ сынауға келуі, біз үшін күтпеген жағдай. Біз мұны дамытуымыз керек», - деді «Аманат» өнер орталығының жетекшісі, әнші Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА.
«Анаға арналған әндер». Осы жексенбі Әуезов театырның сахнасында опера әншісі Зарина Алтынбаева өзінің алғашқы ән кешін өткізеді.
Осы күндері Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде Ислам мәдениеті арқау болған өнер иелері туындыларының көрмесі өтуде.
Осы ретте айта кету керек, Алматыда қазақ пен қырғыздың дәстүрлі өнерін біріктіріп концерт өткізу кездейсоқтық емес. Дәл қазір бауырлас екі халықтың татулығы аса маңызды. Өйткені, кешегі Қырғыз елінде болған президенттік сайлау алдында мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаевтың қазақ халқына қарата айтқан ауыр сөздері, ретсіз таққан айыбы екі ел арасына сызат түсіре жаздады. Алайда, бауырлас қазақ пен қырғыз өтпелі биліктің бұл арандатушылыған түсіп қалған жоқ. Қайта екі елдің достығын ешқандай күштердің бұза алмайтынын көрсетті. Мына бүгінгі өткен өнер кеші сол татулықтың анық белгісі.