Күні кеше – қазан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Сол уақыттан бастап қоғамда біршама өзгерістер пайда бола бастады. Басылымдар мен телеарналар өз атауларын жаңа әліпби нұсқасында жазып өзгертсе, қоғам белсенділері мен ғалымдар дөңгелек үстелдер өткізіп, ана тілімізге жасалған осынау реформаны әлі талқылап жатыр. Ал, танымал жазушы Любовь Говорухина бүгін өзінің латын графикасында басылып шыққан «Mahabbat qyzyq jas da'y'ren» (Махаббат қызық жас дәурен) атты кітабының тұсауын кесті.
Тұсаукесер жиынында айтылғандай, кітап 1000 тиражбен жарық көріпті. Алғашында жазушы еңбекті орыс тілінде жазған. Кейін ол қазақ тіліне аударылыпты. Артынша латын әліпбиімен жазылып, баспаханаға жіберілген екен.
«Қазақстандағы латын әліпбиі реформасын қуана қолдадық. Сондықтан, адамзаттың барлығына ортақ махаббат тіліндегі хикаяларды неге барлығына ортақ, таныс әріппен басып көрмеске деп ойладық та осы бастаманы қолға алдық. Латын әліпбиін жастар қолдады. Сондықтан, кітапты жастар оқиды деп сенемін», - деді идея авторы, кітапты шығарушы Жанна Исингарина.
Кітап авторы Любовь Говорухина бұған дейін қысқа хикаяттар мен әңгімелер жазып жүргенімен кітап ретінде басылып отырған алғашқы еңбегі екенін айтты.
«Бұл бірінші кітабым. Бірінші, әңгімелерді латын әрпімен басып көрдік. Оқырман қызығушылық танытқан соң, жинақтап, кітап етіп шығарып отырмыз. Бұл - бастама. Егер оқырманға қызықты болса, ары қарай жалғасын табуы мүмкін. Кітап орыс тілінде жазылып, қазақ тіліне аударылды. Кітапта махаббат хикаялары баяндалады. Онда теміржолшының басынан өткені туралы әңгіме бар. Онда «Қорғас», Жезқазғаннан Қазақстанның батысына жол тартылған мемлекеттік ірі жобада қызмет еткен теміржолшының сапарда өмірлік жарымен табысуы туралы хикая суреттелген. Жалпы, кітап жолаушыларға арналған десе болады», - деді автор.
Тұсаукесерге танымал қоғам қайраткері, Мәжілістің экс-депутаты Мұрат Әбенов те келіп, жазушының қуанышымен бөлісті.
«Шет елде Қазақстанның мемелкеттік тілінің латын әліпбиіне көшуіне сыни көзбен қарайтындар бар. Ал елімізде қоғамның барлық сатысында бұл бастамаға қолдау танытқанын осыдан көруге болады. Латын әліпбиіне қатысты әлі де талқылаулар жүріп жатыр. Сондықтан, осындай кітаптар шыққаны жақсы. Сосын, бұл мемлекеттің қаржысына шығып жатқан жоқ. Бұл мемлекеттік тілді насихаттауға да тиімді. Кейін ғылыми кітаптар шыға жатар. Махаббат тақырыбы адамның бәріне ортақ сезім. Сондықтан, күрделі болмас», - деді Мұрат Әбенов.
Айта кетейік, жаңа туындыны Алматы мен Астана әуежайларынан, «Меломан» кітап дүкендерінен сатып алуға болады.