$ 498.34  519.72  4.85

Алматылық оқушылар жаппай кітап оқудан және ән айтудан жарысты

Алматыда Ғ. Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясында Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар»  мақаласы аясында оқушылар жаппай кітап оқу мен ән айтудан жарысқа түсті. Байқауға білім ордасының 3,4,5 және 6-сыныптарында оқитын барлығы 600-ге жуық оқушы қатысты.

Игі шара Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «100 ән, 100 кітап» жобасы негізінде қолға алынған.

«Бұл жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат - ұлттық мәдениетіміздің асыл мұралары – ән-жырлар мен әдеби шығармаларды қайта жаңғырту және балалардың сол рухани қазыналарымызға деген қызығушылығын ояту. Ұлттық құндылықтарды құрметтей білуге тәрбиелеу. Өйткені, бүгінгі ғылым мен техника дамыған, жаһандану үдерісі жүріп жатқан заманда жасыратыны жоқ, балалар мен жастардың ән жаттауға, кітап оқуға деген ынтасы төмендеп барады. Сол үшін өскелең ұрпақты ұлттық өнермен, ұлттық әдебиеттің жауhарларымен сусындата отырып, Отанға адал, ұлтжанды  азаматтар етіп өсіргіміз келеді. Ұлттық құндылықтарды құрметтей білуге тәрбиелегіміз келеді. Ел бірлігі - оның өнері мен мәденитетінде, салт-дәстүрінде жатыр. Ендеше мәдениеті, тілі мықты елдің болашағы да баянды»,  - деді осы жобаны ұйымдастырушы, қырық жылдық тарихы бар аталмыш мектеп-гимназияның директоры Қалдықыз Мұсаева.

Байқауға дайындық кезеңі үш айдан астам уақытқа созылды. Осы кезең ішінде оқушылар 25 әнді лайықты деңгейде жаттап алуға күш салған. Жоба аясында 3,4,5,6-сыныптар арасында «Ән салып, әуен төккен 86» байқауы, ал 7-мен 11-інші сыныптар аралығында «Кітап-сарқылмайтын қазына» байқауы бойынша сынға түсті. Жүректері лүпілдеп, жүздеріне қуаныш ұялаған оқушылар барын салып өнер көрсетті.  

«Жарыс параллель сыныптар арасында өтті. Әдеттегідей емтихандағы секілді билеттер әзірленді. Оларға бір-бір әннен жазылып, жеребе тартылды. Әрбір сынып әнді музыканың сүйемелдеуінсіз хормен шырқады. Бұл ретте олардың киім үлгісіне, сахнада өз-өзін ұстауына, әнді орындау шеберлігіне, әндердің шығу тарихын білуіне баса назар аударылды. Ал кітап байқауы бойынша оқушылардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын анықтау үшін «Әдебиет пәнінен көркем әдебиетке» атты сауалнама алынды. Оқушыларды кітап оқуға өз ойын жүйелі баяндай білуге дағдыландыру мақсатында поэзиялық кештер мен конференциялар ұйымдастырылды. Кітапхана қорын молайту мақсатында «Мектепке кітап сыйла» акциясы жүргізіліп, ең көп кітап өткізген мұғалім мен оқушы мақтау қағаздарымен марапатталды. Енді алдағы жылдары әндер мен кітаптардың санын 100-ге жеткіземіз деген ойдамыз» - деді Қ. Мұсаева.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мақтау қағаздарымен марапатталды.

Айта кету керек, бұл байқаудың алғашқы кезеңі. Қорытынды кезең алдағы жылдың мамыр айында өтеді. Оған уақыт әлі бар болғанымен, оқушылар қызу дайындыққа кірісіп те кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары