Эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева продюсер Баян Алагөзованы сынағаны үшін қысым көріп жатқанын жазды. Айтуынша, әншінің Instagram-парақшасына Баянның жақтаушысы қоқан-лоқы сыңайында хат жолдаған.
Анонимді хаттың авторы Меруертке алдағы уақытта өкіріп жылайтынын айтып қорқытыпты.
«Мені мұқият тыңда. Ерікпей жүр. Баянды аңдығанша, балаңның тәрбиесімен айналыс. Ешкімнің шаруасы жоқ сенде. Керек болса, фильмді өзің түсір, шошаң-шошаң етіп секірмей. Ешқандай интелектуалды деңгейің жоқ сенің. Мисыз. Саған Баянға жету қайда. Сен ешкімге де керек емессің. Көр де тұр, жақында өкіріп жылайтын боласың», – деп жазылған аталған хатта.
Постының астына Түсіпбаева хаттың авторын білетінін жазған. Қазір іс тергеліп жатыр дейді ол.
«Біз демократиялық қоғамда тұрып жатырмыз. Мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ретінде миллиондар қатарында өз пікірімді айттым. Бұған менің құқығым бар!! Оған жауап ретінде апалы-сіңлілер маған тіл тигізіп, арымды қорлап, жала жапты!! Кешегі күннен бастап маған қоқан-лоққы жасап жатыр. Мен көп уақыт шыдадым. Енді тиісті құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін. Ескертемін! Барлық қоңыраулар, комментарийлер жазылады. Сотта кездесеміз!», — деп жазды Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске сала кетейік, Баян Алагөзова түсірген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» телесериалы эфирге шығысымен қоғам белсенділері, журналистер, эстрада өкілдері оны қатаң сынға алған болатын. Солардың арасында эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева да бар. Көпшіліктің пікірінше, Баян түсірген телесериалда тарих пен салт-дәстүр бұрмаланған.