16.02.2018, 15:14

Белгілі композитор әншілерді саунада ән айтуға шақырды

Концерт пен той тыңдарманын талқыға салған жұлдыздар арасында шайқас басталды. «Топырлаған той әншілері сахнаның сәнін кетірді» – дейді сазгер Қалдыбек Құрманәлі. Ашуға булыққан композитор: «Халықтың қазынасы арқылы қалтасын қалыңдатқан өнер иелері, тек шағын аудиториямен шектелсе» – деген ұсыныс тастады.

Оның сөзінше, мейрамханада ән салатын жұлдыздарды, киелі сахнаға шығармау керек деп мәлімдейді НТК арнасының «Ревю» бағдарламасы.

«Сахнаны неге киелі дейді? Бұған адам алдын-ала билет алады, киімін дайындайды. Өзін психологиялық тұрғыдан дайындайды, гүлін алады. Дайындалып келіп, сені періштедей, құдайдай көріп, кешіңе қатысады. Ал, тойда отырсаң біреуі темекісін шегіп келіп жатыр. Біреуі тамағын жеп отыр, біреуі ватсапқа түсіріп, суретін жіберіп жатыр. Ол саған деген құрмет емес», – дейді Қалдыбек Құрманәлі.

Бұл тақырыпқа қатысты отандық шоу-бизнес өкілдерінің де пікірі сан-алуан. Мәселен, Керменбаев зәулім сарайлардың сахнасында ән шырқайды және шақырту алса халықтың қуанышында өнер көрсетіп қайтудан да жатырқамайды.

«Концертте де отырған көрермен ол да тойға барады. Тойға барған көрермен оның да концертке баруы мүмкін», – дейді Нұржан.

«Киелі сахна мен тойды шатастырып алды. Олар өздерін алдағысы келеді. Онда халық отыр ғой дейді. Айналайын, түрмеге барып ән айтсаңшы, саунаға барып ән айт. Онда да халық отыр ғой», – дейді сазгер.

Той орындаушылары мен кәсіби әншілерді саралайтын көркемдік кеңес құрылса, киелі сахнаға шығатын шынайы таланттардың да сапасы артар еді» – дейді сазгер.

«Роза Бағланованың өзі айтқан: «Мен қаншама рет халықтың алдында ән айтып жүрмін. Сахнаға шыққанда аяғым бір дірілдейді. Бір ток ұрғандай болады» – дейді. Ол сахнаның құдіреті», – дейді Қалдыбек Құрманәлі.

Композитор Қалдыбек Құрманәлі қалауын айтты! Ал, той мен сахнадағы кәсіби әншілердің ара-жігін ажырату, талғамы биік тыңдарманның еншісінде.

Дереккөз: Stan.kz