19.02.2018, 10:54

"Қазақконцерт" ұйымына жаңа басшы келді

«Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымы – Алматы қаласында 1960 жылдары құрылған Қазақстандағы ең ірі музыкалық ұйымдардың бірі. Өзінің бай тарихының алғашқы күндерінен-ақ «Қазақконцерт» қазақстандық мәдениеттің көш басында болды. Бұл жерде еліміздің үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдары бас қосқан. «Қазақконцерттің» кештері ауқымды көрермен аудиториясын жинайды, ал бағдарламалары жанрлық сан-алуандылық пен орындаушылардың жоғары кәсібилігімен ерекшеленді.

«Қазақконцертте» барлық жанрлар ұсынылған: халық өнері, классика, эстрада. Шығармашылық құрамға фольклорлық-этнографиялық ансамбль, «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі, «Astana Musical» театры, эстрадалық және опералық әншілер кіреді.

Бүгінгі таңда «Қазақконцерт» көрікті Астанамен өзінің жаңа белестерін байланыстыра отырып, аты аңызға айналған ұйымның даңқты тарихын жалғастырып келеді.

Жеңіс Сейдуллаұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнер магистрі. Республикалық эстрада өнері студиясында «Эстрада вокалы» бөлімінде, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Эстрадалық өнер» мамандығы бойынша білім алған.

Түрлі жылдары Жеңіс Сейдоллаұлы Сүйінбай атындағы облыстық филармония оркестрінің әртісі, «Гүлдер» Мемлекеттік ансамблінің бас дирижері, «Отан» Республикалық саяси партиясының орталық аппараты идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінің директоры, «Қазақ әуендері» АҚ аймақтық директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының шығармашылық жұмыстар және сыртқы байланыстар жөніндегі проректоры, РМҚК «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі» директоры болып қызмет атқарды. 2016 жылдың маусым айынан бастап Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры қызметін атқарды.

Дереккөз: egemen.kz