$ 498.34  519.72  4.85

Мейрамбектің шынайы бет бейнесін көрген кезде көрерменнің санасында үлкен бір төңкеріс болады – журналист

Қазір ат шығару дейміз бе, атақ шығару деген жөн бе, анығын өздеріңіз айтасыздар. Теле журналистикада эфир жағалап жүрген қыз-жігіттер алуантүрлі амал-айлаға баратын болған. Мәселен, біреулер сұхбатқа шақырған қонағына қисынсыз сұрақ қойып, ол мұның бетіне су шашып, студияға ұрыс-керіс болып жатады. Тағы біреулер етек пен белден төменгі анайы сұраққа әуес. Біздің сұхбатқа шақырған қонағымыз да эфирден бөлек, өзінің ғаламтордағы каналын ашып, оған шақырған қонағына тұрпайы сауал қойып жүр. Негізі телеарна арқылы өзі де біраз жұртқа танылған жігіт. Бірақ оған осындай дүние не үшін қажет болыпты? Оны төмендегі сұхбатынан оқыңыздар!

Журналист: Аман, бүгінгі кездесуіміздің себебін жақсы білесің. Журналистика саласында жұмыс істегеніңе 5-6 жыл болды. Өзің жайында осыған дейін тек жақсы пікір естіген едік. Бірақ соңғы уақыттары бағдарламаңа келген қонаққа анайы сұрақ қойып, қисынсыз әрекетке барып жүрсің. Оны отандық бір телеарнада жүргізетін «Кешкі кездесу» деп аталатын бағдарламаңда бастадың. Елімізге белгілі азаматтарды студия қонаққа шақырып, шарап ұсынасың. Ол әрекетің әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осыған қатысты өзіңнін көзқарасың қалай? Әлде осылайша эфирге еркіндік әкелгің келді ме?

Аман Тасыған: Иә, мұны еркіндік дегенім дұрыс болар. Бірақ еркіндік пен ессіздікті шатастырып алмауымыз керек. Еркіндіктің белгілі бір мөлшердегі шекарасы болады. Мысалы телеарнадағы бетпе-бет сұхбатта дайындалған сұраққа, дайын жауап беріледі. Келген қонақ толық ашылмайды. Сіз екеуміз қазір күнделікті өмірдегідей әңгімелесіп отырмыз. Ал телеарнадағы 1 сағаттық бағдарлама жүргізген уақытымда өтіп жатқан өміріміздің ішіне кіреді емес пе? Сол себепті біреудің яғни мінсіздің рөлін ойнағым келмейді. Өмірде қандаймын, эфирде де солай қалғанымды қалаймын.

Журналист: Коньякты эфирде насихаттаудың қажеті қанша?

Аман Тасыған: Студияға келген қонақтарымыз өмірде коньяк ішеді, темекі тартады. Эфирдегі жағдай да өмірінен бір сәттік үзінді. Біз ешқашан бүгінге дейін аузына арақ алып көрмеген адамға арақ ұсынған жоқпыз. Егер мүлдем ішпейтін адамға коньяк ұсынсам, онда барлығыңыз мені жазаласаңыздар болатын еді. Ішетін адам жарнамасыз да ішеді. Ал мен өмірімде арақты ауызға алмаған адаммын. Бірақ маған мың жерден жарнамалап жатса да, ішпеймін. Міне, сол сияқты дүние бұл.

Журналист: Жақсы түсінікті. Дегенмен сен эфирге шақыратын қонақтарға қарап бой түзейтін жастар көп. Ол жағын ойламадың ба?

Аман Тасыған: Мысалы Мейрамбек Бесбаев жайында кез келген адам өзінің санасына керемет сурет салады. Ол ішпейді, түзу жүреді, ерсі әрекеті жоқ деген сияқты. Күндердің бір күнінде оның шынайы бет бейнесін көрген кезде, көрерменнің санасында үлкен бір төңкеріс болады. Қабылдай алмай қалады. Мысалы Төреғали соның таяғын жеді. Өмірде ол басқа адам. Ал сахнада, көрерменнің көзінде мүлдем басқа болып қалыптасқан. Шынайы бет бейнесін көрген кезде әлеуметтік желідегілер қабылдай алмады. Біз өкінішке қарай, сен екеуміз отырған үстелдің табиғи ағаштан жасалғанын қабылдай алмаймыз. Оны орманның ішіндегі кәдімгі ағаш екенін айтса, «Өңделген, әдемі, басқаша ғой. Бұл қалай жәй ғана ағаштан жасалады» — деп сенбей жатамыз. Әдемілікті, жасандылықты қатты насихаттап жібереміз. Осының кесірінен кей кезде шынайы сырласатын адам таппай қаламыз. Жасандылық жайлап кетті. Менің ойымша, кез келген дүние еркіндікте дамиды. Біз ата-ана ретінде баланың мүмкіндігін шектейміз. Тіпті керегеде тұрған қағазды жыртуға рұқсат бермейміз. 

Дереккөз: Жас қазақ

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары