$ 444.22  476.38  4.82

Кезінде танымал әнші болған Бауыржан Исаевтың концертіне небәрі 9 көрермен келді

Тоқсаныншы жылдары аты бүкіл Қазақстанға танымал болған шымкенттік әнші Бауыржан Исаев Атырауда концерт өткізді. Алайда, облыстық драма театрының ғимаратына Бауыржанды тыңдауға небәрі тоғыз-ақ адам келіпті. Әншінің өзі болса бұл үшін қатты ренжіген жоқ, келген тыңдармандары үшін ол өз репертуарындағы барлық әнді орындап берді деп жазады «Ақ Жайық» газеті.

Басылымның хабарлауынша, атыраулықтарға концерттің жарнамасы дұрыс жүргізілмегендіктен, концертке ешкім келмеген көрінеді.

«Біз концертті кейінге қалдыратын шығар деп ойладық. Бірақ, ол сахнаға шықты да "өте көпсіздер ғой" деп әзілдеді және 1998 жылы небәрі 3 тыңдарманға да концерт өткізгенін айтты», — дейді концертке барған атыраулықтар.

Қазір Бауыржан Астанада тұрады. Ол 2013 жылы Алматыда есептік концертін өткізгеннен кейін бірден елордаға көшіп кетіпті.

«Журналистер менен қайда жоғалып кеттіңіз деп жиі сұрайды. Мен де жауап беруден жалықпаймын: мен оқу оқыдым, музкалық коллежді, консерваторияны, аспирантураны оқып тауыстым. Мұның бәріне 10-12 жыл уақыт кетті. Мен сахнадамын, ешқайда кетпеймін, жоғалмаймын. Әлі тыңдармандарым үшін талай ән айтамын», — дейді Исаев.

Бауыржан Исаев ең алғаш рет 1996 жылы Шымкентте өтетін «Арай» жас әншілер байқауын жеңіп алғаннан кейін кең таныла бастады. Ол кейін «Жас Қанат» байқауының арнайы сыйлығын жеңіп алса, артынша «Азия Дауысы» халықаралық фестивалін бас жүлдесін иеленген жалғыз қазақ атанды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары