$ 447.4  477.55  4.76

Әміре Қашаубаев туралы фильмнің трейлері шықты (ВИДЕО)

«Әміре» фильмінің түсіру жұмыстары аяқталды. «Қазақфильмге» сілтеме жасап. Кинотуындының түсіру тобы картинаның трейлерін жарыққа шығарды. Әміре Қашаубаевтың өмір жолына арналған  көркем фильм 2018 жылы 5 сәуірде ұлттық прокатқа шығады. Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор - Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) және басқа да актерлер түскен.

1925 жылы Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әміре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді. Фильм, сондай-ақ, дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді. «Әміре» фильмі Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына шыққалы отыр.

Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және т.б. әндері орындалады. Картина Латвия, Лос-Анджелес қалаларында түсірілді. Сондай-ақ фильмнің соңғы түсіру жұмыстары Алматы облысы Үшқоңыр ауылының маңында жүргізілді.   Әміре Қашаубаевтың есімін кең насихаттау мақсатында былтыр «Әміре Парижде» атты кітап жарық көрген болатын.

«Әміре» фильмі «Қазақфильмнің» 2018 жылдағы бірлескен ауқымды алғашқы жобасы болмақ.  Қазір ҚХР-мен бірлескен «Композитор» фильмі монтаждау кезеңінде тұр. Көркем туынды екінші дүниежүзі соғысында Алматыда өмір сүрген қытайлық композитор Си Син Хайдың өмірі мен қазақтың ұлы композиторы Бақытжан Байқадамов арасындағы достығы туралы баяндайды. Аталған туындыны Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Әлидар Өтемұратовтың «Dar Play» компаниясымен бірлесе түсірген.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары