26.03.2018, 16:21

Астананың 20 жылдығына Түркия елшілігі қала тұрғындарына түрік фильмдерін сыйға тартады

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы 2017 жылы Астана көрермендеріне бір жыл бойы «Айлық түрік фильмдері күні» шарасы аясында үздік түрік кинотуындыларын ұсынған болатын. Бұл көрсетілімдер Астана ЭКСПО 2017  шарасына арналған еді. Осы шара 2018 жылы да жалғасын таппақ.

Биылғы көрсетілімдер бауырлас Қазақстанның бас қаласы Астананың 20 жылдығына орайластырылуда. Астана қазіргі күнде тек қана әкімшілік -басқару орталығы ғана емес, мәдениет пен өнері де қарыштап дамып келе жатқан әлемдік деңгейдегі қалаға айналып үлгірді. Осы орайда Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы екі бауырлас ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен үздік түрік туындыларды көрермендерге тарту етпек.

2018 жылы астаналық көрерменнің көзайымына айналған «120», «Көбелектің түсі», «Соңғы хат» сияқты фильмдермен қоса жаңа кинотуындылар да көрсетілетін болады. Солардың бірі -танымал түрік жазушы Саит Фаик Абасияныктың «Күнкөріс қайығы» атты романының желісімен түсірілген «Екеумізге бір әлем» фильмі.

Драмалық фильм «Атаденизфильм» тарапынан 2016 жылы Бургазада атты аралда түсірілді. Режиссері – Йылмаз Атадениз, сценаристі – Сафа Өнал мен Саит Фаик Абасиянык. Басты рөлді Эркан Мерич пен Йагмур Айдан сомдайды.

Астана тұрғындары мен қала қонақтарын 31 наурыз күні сағат 17.00-де Керуен ОСО-дағы Кинопарк 7, 4 залда ақысыз көрсетілетін ««Екеумізге бір әлем» фильмін тамашалауға шақырамыз.