Жақында ғана үшінші ұлын өмірге әкелген актриса, әрі әнші Салтанат Бақаева instagram-парақшасына қазіргі жағдайын белсенді түрде жазып жүр. Босанғаннан кейін әнші өзіне уақыт бөлмей кеткенін айтады.
Бұл жолы Салтанат семіріп кетіп, артық салмағынан арыла алмай жүргенін ашық жазды.
«Сіздер менің өмірімнің кішкене ғана бөлшегін көріп жүрсіздер. Кейбір блогерлер бар, өз ınstagram-парақшасында бәрін керемет етіп көрсетеді. Мүмкін солай да шығар. Ал мен блогер емеспін, өз мамандығым арқылы танымалдылыққа ие болған адаммын. Кейде бұл жерде өз ойларыммен бөлісемін, кейбір жағдайларға қатысты көзқарасымды да білдіріп отырамын, жұмысымды да көрсетемін. Бірақ бұл біздің өміріміз де instagram-дағыдай дегенді білдірмейді. Қазіргі кезде ұйқы қанбағандықтан түрім шаршаңқы және ашулымын, көңілім де түсіңкі, шашым да жуылмай қалады. Босанғаннан кейін семіріп кеттім. Мені өз қалпыма келді деп ойламаңыздар. Тіптен ойларым да әлі жинақтала қоймады», - деп жазады Бақаева.
Бұл ретте жанкүйерлері күйзеліске түсе бастаған әншіге демеу беріп, әлі-ақ өзін ретке келтіре алатынына шүбә келтірмейтіндерін жарыса жазуда.