Күні кеше қазақтың кино қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты. Қалың көрерменге жол тартқан «Әміре» фильмінің премьерасы өтіп, көпшілік кинотуындыға өз бағасын бере бастады. Олардың қатарында танымал отандық режиссер Қанағат Мұстафин де бар. Baribar порталына берген сұхбатында ол басты рольді сомдаған Санжар Мәдиевті сынап тастады.
– «Әміре» фильмін алатын болсақ, басты рөлге Санжарды бекіткенін дұрыс емес деп есептеймін. Өйткені ол – қалада өскен жігіт. Қазақтың жанын білмейді, бойында қазақтың рухы, намысы жоқ. Фильмнің трейлерін көргенде-ақ, Санжардың домбырада ән айтқанын көріп, күлгенмін. Еркебұлан Дайыров пен Санжарды ауыстыру керек еді. Санжарға Мұстафа Шоқайдың рөлін беріп, Еркебұланды Әміре қылса, басқаша шығар еді. Еркебұлан деген нағыз қазақ қой. Сол себепті бұл фильмнің кастингі дұрыс жүргізілмеген деп айта аламын, – дейді Қанағат Мұстафин.
Фильм Еуропа жұртшылығына қазақтың қара домбырасы мен дәстүрлі ән орындау өнерін таныстырған біртуар әншінің қысқа да жарқын ғұмырын баяндайды. Кинотуындыда Әміренің 1925 жылы Парижде өткен «ЭКСПО» көрмесіндегі қайталанбас өнері, Мұстафа Шоқаймен кездесуі және танымал америкалық композитор Жорж Гершвинмен достығы көрініс тапқан.
Фильмді халықаралық мамандар түсірді. Түсірілім тобының құрамында америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа, оператор Максим Осадчий бар. Фильмнің сценарийін Бенжамин А. ван дер Вин жазған.