Бүгінде той – әншілердің табыс көзі. Дегенмен, әр әншінің тойдан табатын табысы әртүрлі. Бәрі хит әніне, танымалдылығына және өнердегі мәртебесіне байланысты. Сонымен той бизнесінің көркін қыздырып, қалтасын қалыңдатып жүргендердің кім екенін тағы бір саралап көрсек.
Той – халықтың қазынасы. Десе де, тойдан тойынған кейбір өнер иелері сағаттарын емес, минуттарын есептей бастаған. Сегіз жыл бойы той ұйымдастырып жүрген Руслан Ысқақ шоу-бизнес өкілдерінің қанша қаржы табатынын бес саусағындай біледі. Ол бір айда оннан астам шара өткізеді.
Еліміздегі ең қымбат әнші – Қайрат Нұртас. Оның бір тойдан табатын табысы 7 мың, ал корпоративтен алатын ақшасы 10 мың долларды құрайды. VIP тойларға жиі шақырту алатын Қайраттың талабы да жоғары.
«Халықтың сұранысы үлкен және өз-өзін қатты сыйлайтын азаматтардың бірі. Оны халық та жақсы сыйлайды. Қайраттың басты шарты самолет бизнес класс болу керек. Ұшқан кезде. Жататын жері. Барлығы жоғары деңгейде болуы керек. Бес жұлдызды, төрт жұлдызды қонақ үй», – дейді той ұйымдастырушы Руслан Ысқақ.
Асхат Тарғынов танымал болмай тұрғанда әннің ақысының орнына талай мейрамханаларда тегін тамақ ішіп, соғымға да қарық болатынмын дейді. Ал қазір танымал әншіге ондай ұсыныстар аз түседі.
«Көбінесе жарнама ретінде инстаграмға салуымды өтінеді», – дейді әнші Асхат Тарғынов 31 арнаның "Жұлдыздар жарқырайды" бағдарламасына берген сұхбатында.
Бір қызығы, әр өңірдің өзінің жиі шақыратын әншісі де болады екен. Мәселен, Батыс қазақстандықтар көбінесе Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәліні шақырса, Астана халқы Айқын Төлепбергенді, оңтүстік Ернар Айдар, Заттыбек, Жазира мен Жанболатты қуаныштарында көргісі келеді. Тойда 6-7 ән шырқағаны үшін 1 миллион теңге алатын Айқын Төлепберген жақында шығармашылық кешін береді. «31 арнаның» 25 жылдығына орай ұйымдастырылатын концерт тегін. Сүйікті әншіңіздің кеші 1 мамыр күні Республика сарайының алдындағы Абай алаңында өтеді.