24.04.2018, 16:59

«Шатырдағы бұлт»: Жастар мен жас отбасыларға өнеге беретін жаңа фильм көрерменге жол тартты

Қазақ кино өнері тағы бір туындымен толығып отыр. Танымал режиссер әрі актер Әлі Шер Сүлеймен жастар мен жас отбасыларға өнеге беретін «Шатырдағы бұлт» фильмін түсіріп бітті. Енді 25 сәуір күні кинокартинаның тұсауы Алматыда кесіледі.

Режиссердің айтуынша, «Шатырдағы бұлт» әсіресе оқуды жаңа бітіріп, өмірдегі орнын іздеп жүрген жас қыз-жігіттерге арналған.

«Ең басты ерекшелігі, бұл – урбан фэнтези, яғни қалалық фэнтези жанрында түсірілген алғашқы қазақстандық фильм. Екіншіден, кинотоптың 90 пайызы – дебьютанттар. Фильмнің негізгі аудиториясын 16 мен 45 жас аралығындағы көрермен құрайды деп болжап отырмыз. Бұл кино жас отбасыларға, әсіресе, қазақтың жас отауларына қызық болады деген ойдамын. Сондай-ақ, қалай күн көрем, қандай кәсіп таңдаймын, қоғамдық өмірге, ел тіршілігіне қалай араласам, өз жолымды қалай табам деп ізденісте жүрген жас буынның көкейіндегі көп сауалға жауап береді деп үміттенем», - дейді Әлі Шер Сүлеймен «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.

Фильм фэнтези жанрындағы трилогияның бірінші бөлімі. Ол Тимур есімді брокердің өмірінен сыр шертеді. Жас жігіт жұмысы мен отбасындағы проблемалардың қатар келуінен күйзеліске ұшырап, күтпеген жағдайларға тап болады. Осындай жағдайлардың бірінен соң өз өміріне басқа қырынан қарай бастайды да, оны өзгертуге кіріседі.

«Бұл фильмнің тілі – өмірдің тілі. Кинодағы жас жұбайлардың кейбір диалогтары таза қазақша, ал кейбірі орысша. Өйткені бүгінгі жастар, әсіресе, қала жастары үш тілде еркін сөйлейді. Бұл – заман талабы. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Шатырдағы бұлт» фильмінің кейіпкерлері өз тілінің қадірін біледі, алайда орыс және ағылшын тілін білмесе, өздері көздеген биікке жете алмайтынын түсінеді. Қазіргі таңда мемлекет қоғам өмірінің барлық саласында үштілділікті енгізуге айрықша ден қоюда. Әсіресе, білім беру жүйесінде бұл ұстанымнан ұтарымыз мол. Өз басым мектепті қазақ-ағылшын тілдерінде бітірдім, жоғарғы білімді орыс тілінде алдым. Ал ана тілім – қазақ тілі ананың сүті, әкенің өсиет-өнегесімен бойға дарыды», - дейді режиссер Әлі Шер Сүлеймен.

Фильмнің басты рольдерін Диас Әзімжан, Вахид Изимов, Жанна Жұмалиева, Қазына Әбдірахман, Камилла Нұғманова, Медина және Мадина Тәліпбектер сомдайды.