Семейде «Харекет» қайырымдылық қоры 6 баланың анасына баспана берді. Осынау қуанышты сәттің видеосын Серік Ибрагимов өзінің Instagram-парақшасына жүктеді.
«Жаратқан иеме сансыз мадақ! Сүйінші! «Харекет» қайырымдылық қоры 8-үйді иесіне табыстады. Үй Семей қаласындағы 6 баланың анасы Тоғжан Нұржанқызына берілді. Ой-ниетімен, сөз-дұғасымен, қаражат-қаржысымен үлес қосқан барша жанға Алла разы болсын!» – деп жазды әнші.
Түсірілім тобымен келген имам көпбалалы ананың үйлі болғанын айтты.
«Сізге мешіттің атынан үй алып беріп жатырмыз. Үй сіздің атыңызда. Үйіңіз құтты болсын! Жүріңіз, үйіңізге алып барайық. Алған үйіңізді көрсетейік», – дейді имам.
Тосыннан келген қуанышты хабарды естіп, есеңгіреп қалған ана біраз уақытқа дейін сене алмады.
«Қалжыңдап тұрған жоқсыз ба? Қорқамын...», – деп көпбалалы ана көз жасына ерік берді.
Үй кілтін табыстау рәсімінде "Өнер қырандары" да бой көрсетті.