05.05.2018, 06:01

Алматы облысында Мұқағали Мақатаев атындағы мектепте ақынның ескерткіші ашылды (ФОТО)

Алматы облысы Іле ауданында орналасқан Мұқағали Мақатаев атындағы №13 орта мектепте ақынның ескерткіші ашылды. Ашылу рәсіміне Қарасаздан ақынның ошағын өшірмей отырған ұлы мен келіні арнайы келіп қатысты.

Аудан әкімі Қыдыркелді Өміржанұлының тікелей қолдауымен өткен жылы бұл мектеп күрделі жөндеуден өтсе, биыл Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектеп ауласында Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші ашылып отыр.

- Бүгін жақсы күн болып отыр. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткішті осы мектептің алдына қойып отырмыз. Бұл үлкен істің басы деп есептеймін. Мына ескерткіштің ашылуында қазір ағамыз қасымызда жүргендей сезімдемін. Елбасының тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай жұмыстар атқарып отырмыз. Бабаларымыздың, елімізге еңбегі сіңген азаматтарымыздың жұмыстарын біз мына балаларымызға насихаттауымыз керек. Бұл ескертіш ақынға емес, мына балаларға, өскелең ұрпаққа арналған. Ескерткішке қарап осындай ақын болсам деп өседі. Бүгінгі мерекеміз құтты болсын! Осындай жақсылықтар барлық ауылдарда болсын! Қазақстан ешқашан жамандық көрмей, заманымыз тыныш болсын, - деді Іле ауданының әкімі Қыдыркелді Өміржанұлы.

Аудан әкімінің айтуынша, бұл еліміз тәуелсіздік алғалы бері ауданда ресми түрде ашылып отырған алғашқы ескерткіш. Ал алдағы уақытта Өтеген батырдың ескерткішін орнату жоспарланған. Қазіргі кезде жаңа ескерткіштің тасы қалануда. Ал бүгінгі кешке арнайы келген Жұлдыз Мақатаев әкесіне арналған ескерткіштің ашылуында ерекше толқыныста болды.

- Осыдан біраз жыл бұрын осы қара шаңырақтың ашылуына қатысып едік. Мына белгілі білім ошағында әкеміздің ескерткіші тұрса ғой деп әрқашан ойлаушы едік. Міне, ол арманымыз да орындалып отыр. Өз тұғырына қонған әкеміз үшін қуаныштымын, сіздерді құттықтаймын! Әкеміздің әулеті бұл еңбекке дән риза. Ескерткіш үшін еңбек сіңірген әрбір жанға алғысымыз шексіз! Жақсы істер жалғасын тапсын! - деді Жұлдыз Мақатаев.

Ақиық ақынның ошағын жағып, түтінін түтетіп отырған аяулы келіні де өз кезегінде алғысын жаудырды.

- «Ең бірінші бақытым халқым менің, Соған берем сөзімнің алтын кенін» деп күйбең тіршіліктен ада ақын халқын бірінші орынға қойып кетіп еді. Сол халқы ол кісінің өмірден өткеннен кейінгі мәңгілік келесі өмірінде ақынын ардақтап, артында қалдырған асыл мұрасын, құдіретті жырының қуатын жүрегімен сезініп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатыр. Ақынын ардақтаған халқы аман болсын! Мынау ескерткіш атамыз үшін керек емес те шығар, бірақ мынау артындағы ұрпағы үшін рухани байлық! Сол үшін де баршаңызға басымызды иіп алғысымызды білдіреміз! - деді Бақыткүл Мақатаева.

Айта кетейік, келелі жиынға ақынның отбасымен бірге, ауданның атқамінерлері мен қазақтың зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ақбота Мұсабекқызы