Көбіне екі жас тату болғанымен, ене мен келін арасындағы кикілжіңдер біте қоймайды. Қазір күйеуінің шешесін мақтайтын келіншектер жоқтың қасы. Эстрада әншісі Жазира Байырбекова өзін қатал ұстаған енесі жайлы бұған дейін де айтқан болатын. Бұл жолы ол Жанболаттың анасының алтын құрсақ ана, ақылды ене екенін айтып, көптің ықыласын алды.
«Кей адамдар үлкен мекемені, елді басқарғанымен отбасына келгенде сөзі жүрмей қалады. Ал енем жәй ғана еден жуушы болған. Айналасына сыйлы, жеті ұл, екі қызды тәрбиелеп, жеті келінді қолында кемі 2-3 жыл ұстап барып бөлек шығарған.
Ешқашан перзенттерінің алдында мұңайып көз жасын көрсетпеген, ер жүрек мықты ана. Аллам маған енемнің бойындағыдай күш қуат, басындағыдай бақ берсе екен.
Жұмыс, мансап, атақ, даңқ, байлық бәрі бірігіп, бір отбасы бақытының орнын толтыра алмайды.
Бір сұқбатта «енем қатал болды» дегенім рас. Сол кездегі қаталдығының менің өсуіме пайдасы тиді. Заманға қарай бейімделу ғой. Қазір мүлдем қатал емес», – деді Байырбекова.
Желі қолданушылары болса, қарт кісіге ұзақ ғұмыр тілеп, немере-жөберелерінің қызын көрсін десті.