14.06.2018, 03:49

Бәрі күліп келемеждеп жатыр: Танымал шоумен Қайрат Нұртасты ағылшын курсына шақырды

Нигерия тумасы Даниель Джеймс атақты әнші Қайрат Нұртасқа тегін ағылшын тілін үйретуге ниетті. Тіпті, Даниэль Қайрат пен інісі Заңғарға тілді жаттықтырып «Му Universe» әнін қайта орындап шығуға кеңес береді деп жазады Stan.kz.

Қайрат Нұртас «Менің әлемім» («Му Universe») әнін осыдан бір апта бұрын ғана ел назарына ұсынған болатын. Алайда, аз уақыт ішінде көптің күлкісіне қалғанына қарамастан бейнебаян You Tube желісінде бір миллион қаралым жинап үлгерді. Дегенмен, ағылшын тілін қате айту арқылы «хайп» жасағысы келген Қайраттың әнін алғаш естігенде Даниэль түк түсіне алмаған.

«Қайрат пен інісіне әнді орындамай тұрып жақсылап тіл үйрену керек еді. Өйткені, ол әнді бүкіл ел тыңдайды емес пе? Не керегі бар еді, қазір бәрі күліп келемеждеп жатыр. Көбісі түсінбеді. Негізі мен өз атымнан белгілі әнші Қайрат Нұртасқа ағылшын тілінен бір-екі тегін сабақтар беруге дайынмын. Келсін, мархаббат», – дейді Даниэль.

Әрбір айтылған әні хит болатын Қайрат бұл жолы да «Му Universe» әні хитқа айналатынына еш күмәнданбаған сияқты. Себебі, бейнебаян көпшілікке жол тарта салысымен, әнші отбасын алып Түркияның Белек қаласына демалуға аттанып кетті. Тіпті, өзін сөккен адамдарға «айта беріңдер» деп күлкімен жауап қатқан видеосы желіде кең тарап кеткен болатын.

«Әнде дұрыс емес оқыған сөздер көп. Шала ағылшынша айтты деп ойлаймын. Әсіресе, Қайраттың інісі Заңғардың оқыған рэпін түсіну қиын. Клип аяқ астына жазылғаны көрініп тұр. Түк те дайындалмаған. Әуені адамды өзіне елітіп әкететіні сөзсіз. Нағыз жазға арналған ән», – дейді шоумен.

Шоумен Даниэль белгілі әнші Қайратты кез-келген уақытта күтуге дайын.

«Қайрат «хайп» жасағысы келді, жасады. Екінші рет қайтадан жазуға кеңес беремін. Алдымен тілді меңгеріп алса, басқа да ағылшын әндер айтуына жеңіл болады», – дейді ол.

Осылайша, қара домалақ Даниэль Қайраттың ағылшын тілін тез меңгеріп кететініне сенімді. Ал, хитмен Қайрат Джеймстің ұсынысын қабылдай ма, жоқ па енді ол жағы уақыт еншісінде.