Егеменді ел болғалы көптеген көшелер қазақшаланды. Бірақ кейде Абайдай ұлы адамның атына берілген көшені "Абая" деп абайламай орысшалатамыз. Бұның қалай ауыздан шығып кеткенін аңғармаймыз да. Осы қателікті айтып, әнші Сәкен Майғазиев желідегі парақшасына жазба қалдырыпты. Бәлкім сіздерді де ойландырар деген ниетпен өнер иесінің сөзін еш өзгеріссіз беруді жөн көрдік.
“Қанат, Сапар, Ерболат төртеуміз бір көлікте келе жатырмыз. Өзімізше, бірімізден біріміз өткен отансүйгіш, ұлтжанды, тіл жанашырымыз. Қанаттың қызуқандылығын телефон қоңырауы бөліп жіберді: – Әлө, Абаямен келе жатырмыз, Жандосыбаға қарай (ул.Ураза Джандосова) бұрылайық па?” Іле-шала менің телефоным “шыр” ете қалды. Мен "иә, бәріміз біргеміз, Қаната, Сапара, Ерболата төртеуміз келе жатырмыз", – дедім достарымды шымши сөйлеп. “Болды, болды, Сәке, түсіндік…”, - десті ойымды ыммен түсінетін достарым.
“Иванов, Петров, Сидоров… деген көшелердің атын қазақшалауымыз керек” деп аттандағанда алдымызға жан салмаймыз. Орыстілді отандастарымыз бен дүдәмал дүбәрәларды айтпағанда, баба тілін биік бағалайтын басым көпшілігіміз Тұрар Рысқұлов көшесін “ЫрысқұлыбА” (ул. Рускулова), Жұмағали Сайынды “СайнА” (ул.Саина), Ыбырай Алтынсаринді “Правда” деп жүргенімізді аңғара бермейміз. Тіпті отандық фильмдер мен телесериалдарда, хабарламалар мен жарнамаларда осындай өрескел қателіктер өріп жүр. Өзімізден бастайық, бауырлар” (автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған), – деп жазды әнші өзінің Instagram-парақшасында.