Осыдан 3 күн бұрын белгілі қолөнерші Тұрсынзада Ырза Астананы Иманғали Тасмағанбетовтің басқарып тұрған шағында мемлекеттен алған ғимараттың Қыдырәлі мен Қарақат тартып алып жатқанын журналистерге мәлімдеген болатын. Қос әнші желідегі парақшаларында осыған қатысты жауап қатты.
Айтуларынша, қолөнер шебері өнер иелеріне жала жауып отыр-мыс.
"Айтылған сөз атылған оқпен тең. Біздің сыртымыздан неше түрлі дақпырт әңгімелер айтылып жатыр. Біз қазір жолдамыз. Уақыты келгенде бәріне де жауап беретін боламыз. Біз мұны бұлай қалдырмаймыз. Сондықтан да жағымсыз сөз жазуға асықпаңыздар", – деді әнші.
Қыдырәлінің парақшасына кіріп қарадық. Ол да үнсіз қалмапты. Өнер иесі жақын арада журналистермен кездесіп, істің мән-жайын айтамыз деп уәде берді.
"Құрметті БАҚ өкілдері және әлеуметтік желі қолданушылары! Бізге қатысты шудың желі тез көтерілуде. Бұл қып-қызыл жала! Ішінде қаңбақ сөз де, ғайбат сөз де өте көп. Ырза Тұрсынзада апайымызбен арадағы істің ақ-қарасын ашық айтатын күн алыс емес. Журналистермен кездесіп, заңды құжаттар мен фактілер бойынша жауап берсек дейміз. Өтетін орны мен уақыты толығырақ тағы xабарланады. Әзірге айтарым осы ғана", – деп мәлімдеді Болманов Instagram-парақшасында.