Танымал айтыскер Балғынбек Имашев Денис Тенге арнап «Алашымның Денисі қайда кетті?» деп өлең жазды. Ақынның туындысы жұрттың көзіне еріксіз жас үйіртті.
«Айна кетті, ұрланып, айна кетті,
Қанішерлер көлікті майдан етті.
Айна көлдің айналған Айнасына,
Алашымның Денисі қайда кетті?
***
Әй, қарақшы, ұрлық жеп, май кекірген.
Денис - қазақ, әлемге әйгі етілген.
Жер жүзіне танымал ерді өлтіріп,
Ел жүзіне қарайсың қай бетіңмен?
***
Сақшы да ортақ болмаса несібеге,
Ұрлықшылар соншалық есіре ме?
Алла - Ғаффар, бірақ, Ол - Әділетті,
Кісі ақысын жегенді кешіре ме?
***
Сататындар базарда ұрлықы зат,
Түсірдіңдер жүрекке түрлі сызат!
Қалай жауап бересің, Алла алдында,
Саған қарсы сөйлейді күллі құжат?!!
***
Қылмыскерлер қырып жүр айналаңды,
Ар-иман мен «Ата Заң» қайда қалды?
Өз ерлерін өзге емес өзі өлтіріп,
Қазақ неге соншалық майдаланды», - дей келе айтыскер соқылдап жылағанын жазды.
Имашевқа қосылып, желі қолданушылары да көңілдері босағанын айтқан.
Айта кетейік, Денис Тен 19 шілде күні Алматыда ұрлықшылардың қолынан қаза тапты.