Белгілі қазақстандық сайқымазақ Мұрат Мұтырғанов ұлының есімін Майкл Джексон қойған. Бұл туралы ол "Sputniknews.kz" агенттігіне берген сұхбатында айтты.
Сондай-ақ, 34 жастағы Мұрат цирк өнерінің таңғажайыптары мен қиыншылықтары жөнінде де сөз қозғады.
"Сайқымазақ болу үшін жұртты күлдіре білу керек және сахнада өзіңді еркін ұстау да өнер. Сонымен қатар, әр уақытта диета ұстап жүруің керек. Өйткені артық салмақ қосуға болмайды", - дейді Мұтырғанов.
Сондай-ақ, ол әйелінің ұлты орыс болғанымен, қазаққа айналып кеткенін айтады. Өсіп келе жатқан ұлының өзі секілді әртіс болғанын қалайтынын жасырмады.
"Мен - қазақпын, әйелім - орыс ұлтынан. Бірақ Алеся менен гөрі қазақша жақсы сөйлейді. Біздің ұлымыз қазір үш жаста. Есімін Майкл Джексон деп қойдым. Өйткені өзім сол әншінің жанкүйерімін. Болашақта ұлымның да әртіс болып, циркті жақсы көргенін қалаймын. Ал келесі баламның атын Чарли Чаплин қойғым келеді", - дейді Мұрат Мұтырғанов.