Бүгін Семейде Абайдың 170 жылдығын мерекелеу аясында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған www.abaialemi.kz энциклопедиялық онлайн порталының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметінен.
Мемлекеттік тілді дамыту қоры жасаған портал Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірленді. Елбасы осы аталған сыйлықтың бір бөлігін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін Қорға берген болатын. Сол жобалардың бірі www.abaialemi.kz порталы болып отыр.
Тұсаукесер рәсіміне қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қауымы, түркітанушылар, тарихшылар, ғалымдар, Абай шығармаларының аудармашылары және алыс-жақын шет елдерден келген қонақтар қатысты.
Салтанатты шара барысында ұлы ақынның шығармашылығы мен өміріндегі бұған дейін белгісіз болып келген жайттарға арналып Қордың арнайы тапсырысымен түсірілген www.abaialemi.kz атты жаңа рухани-ағартушылық деректі фильм көрсетілді.
www.abaialemi.kz онлайн порталында ұлы Абай дәуірі, оның ізбасарлары туралы мәлімет, абайтану еңбектері, замандастарының естеліктері, Абайға арналған шығармалар, т.б. бар. Порталда түрлі ақпарат көздерінен (кітаптар, газет-журналдар, ғылыми басылымдар, деректі фильмдер, фото мұрағаттар, т.б) алынған деректер орналастырылған. Порталдағы қазақ, латын және араб тілдеріндегі ақпарат мынадай бөлімдер бойынша орналасқан: Абайдың өмірбаяны, шығармашылығы, Абай әлем тілдерінде, Абай өлеңдері, Абай туралы естеліктер, абайтану, абайтанушы-ғалымдар, «Абай жолы» эпопеясы, естелік жерлер, Абай мұражайы, фотогалерея.
Іс-шара соңында Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев: «Біздің Қор қазіргі заман мүмкіншіліктерін пайдалана отырып, әлемнің қай түкпірінен болмасын қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлға туралы ақпарат алуға тілек білдірген адамның қажетті мәліметті табуына мүмкіндік беретін осындай тұңғыш интернет-порталды іске қосып отыр», - деп атап өтті.
Сондай-ақ ол аталған порталдың жас жеткіншектер, студенттер, абайтанушы-ғалымдар, Абай шығармаларын өзге тілге аударып жүрген аудармашылар, Абайдың рухани мұрасына қызығушылық білдірген ғаламтор жүйесіндегі барлық пайдаланушылар үшін аса маңызды екенін айтты.