30 тамызда елімізде маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі – ҚР Конституциясы күні аталып өтіледі. Осыған орай, елорда әкімдігі бірқатар мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырады.
Қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қала әкімдігінің алдындағы алаңда өтетін концерт кештің ең басты мерекелік шарасы болмақ. Астана тұрғындары мен қонақтарына Ғаділбек Жанай, Дастан Оразбеков, Гүлнұр Оразымбетова, Бейбіт Қорған, Маржан Арапбаева, Дос, Қанат Үмбетов, Алмас Кішкенбаев, Құрмаш Маханов мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Кеш жүргізушілері: әйгілі шоумендер Азамат пен Антон.
Шара сағат 18:00-де басталып, 23:00-ге дейін жалғасады.
Конституция күніне арналған концерттік бағдарламалар «Думанды Сарыарқа» бағдарламасы шеңберінде Астананың тұрғын үй алаптарында да өтеді. Танымал орындаушылар, би және музыкалық ұжымдар, елордалық қуыршақ тетрының артистері, бойшаң қуыршақтар, аниматорлар, және цирк артистері қала маңындағы Пригородный, Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар, Өндіріс, Железнодорожный, Үркер, Көктал, Промышленный және Казгородок сияқты10 тұрғын үй алабының тұрғындары үшін интерактивті де қызықты ойын-сауық бағдарламасын дайындапты. Концерттерді сағат 15:00-ден 19:00-ге дейін тамашалауға болады.
Айта кетейік, 1 маусымнан бері қала маңында ұйымдастырылып жүрген «Думанды Сарыарқа» концерттері 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Концерттер келушілер назарына ашық алаңдарда тегін ұсынылады.
Ал, Сәкен Сейфуллин атындағы музейде ҚР Конституциясы күніне орай «Ата заң – азаттықтың алтын арқауы» атты көрме жұмыс істейді. Экспозицияны 30, 31 тамызда сағат 10:00-нан 18:00-ге дейін тамашалауға болады. «АЛЖИР» музейі мен Тәуелсіздік сарайында да мерекеге орайластырылған тақырыптық кештер өтеді.
Бұдан бөлек, 29 тамызда Конституция күніне орай «Барыс Арена» мұзайдыны сарайында «Астана Дауысы» екінші жыл сайынғы халықаралық фестивалі өтеді. Астана әкімдігінің мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастыратын шара аясында әлемнің түрлі мемлекеттерінің қазіргі заманғы музыка орындаушыларына мүсіншелер табысталмақ.
Сахна төрінде Грузия, Швеция, Латвия, Молдова, Армения, Өзбекстан, Украина, Ресей және Қазақстанның музыкалық рейтингтерінде көш бастаған әртістер өнер көрсетеді. Биыл Astana Dausy фестиваліне Ninety One, Ерке Есмахан, «Евровидение-2012» байқауының жеңімпазы Loreen, Интарс Бусулис, DoReDos, СЕВАК, Согдиана, ALEKSEEV, Григорий Лепс, Ани Лорак және Филипп Киркоров қатысады. Билет құны – 1000-15000 теңге.